Астанада гендерлік теңдік пен зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселелері туралы жиында «Салтанат» ұлттық бағдарламасын әзірлеу ұсынылды.
Астанадағы көшбасшы әйелдер кездесуінде сөз сөйлеген «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоғамдық қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова «Салтанат» ұлттық бағдарламасын әзірлеуді ұсынды.
«Тығырыққа келіп тірелгенімізді бәріміз түсініп отырмыз. Енді қыздардың босқа өліп кетуіне жол бермейік. Салтанат (Нүкенова – ред.) біздің символымыз бола алады деп ойлаймын. Мәселен, шетелде істің алға жүруіне ықпал еткен адамдардың есімі заңға беріледі. Мен бүгін заң жазып қана қоймай, ұлттық бағдарлама жазып, оны «Салтанат» деп атауды ұсынамын. Осы күнге дейін атқара алмаған жұмыстарға емес, қазіргі уақытта не істей алатынымызға назар аударғым келеді», — деді ол.
Өз кезегінде спикер бағдарламалардың жүйелі болуы керектігін және тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң бабын криминализациялау жеткіліксіз екенін айтты.
«Бұл зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдердің арыз-шағымының азаюына әкеп соғады деген сарапшылардың пікірімен ішінара келісемін. Мысалы, жоғары білімі бар, қалада тұратын әйелдер бар және шағын ауылдарда байланыссыз қалған әйелдер тағы бар. Біз заңның бәріне бірдей әрекет ететінін түсінуіміз керек. Сондықтан іс-шаралар кешенді болуы керек. Біз бүгінде осы форматты кеңейтіп, доктрина, дағдарыс орталықтары, қолдау орталықтары тұрғысынан қарастыра аламыз», — деді Жаманқұлова.
Сонымен бірге, қор басшысы харрасменттің әлі күнге дейін қылмыс болып саналмайтынын атап өтті.
«Әйелге тиісу, қырындау, ізінен қалмау әлі қылмыс деп танылмаған. Бізде бұл туралы тіпті еңбек кодекстерінде түсінік жоқ. Бір трагедия аясында көптеген мәселені көтеруге тырысып жатқанымызды түсінемін. Доктринадан бастайық. Бізге Президенттің жеке өзі қолдайтын үлкен кешенді доктрина қажет. Жай ғана бас қосып, соны бірге жазуды ұсынамын, оған ата-ана тәрбиесі, оңалту, физикалық зорлық-зомбылық жазасы, жұмыс орнындағы тиісу жауапкершілігі, этика мен стандарттарды сақтауды қосу керек. Харрасменттің алдын алу бойынша жарты жылда бір рет тренингтер өткізу де пайдалы болар еді. Мұны мемлекеттік қызметтен бастауға болады. Мемлекет қызмет қоғамға стандарт береді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбыларымыздың арасында жиі кездеседі, бәріміздің осындай таныстарымыз бар. Салтанаттың оқиғасынан кейін бұл мәселелерді еңсеретін мүмкіндіктер терезесі ашылды», — дейді қоғам белсендісі.
Айта кетейік, Астанада депутаттар, кәсіпкерлер, азаматтық қоғам өкілдері мен журналист секілді көшбасшы әйелдер гендерлік теңдік пен зорлық-зомбылыққа қарсы күрес мәселелерін талқылады. Жиынды АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен «Қадыр-қасиет» қоғамдық қоры ұйымдастырған.
Еске сала кетсек, 9 қарашада Астанадағы Бау мейрамханасында бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев өзінің жұбайы Салтанат Нүкенованы соққыға жыққанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Ішкі істер министрлігі Астана мейрамханасындағы кісі өлімі бойынша Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады.
