
Жақында Қарағанды қаласында Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының 70 жылдығына орай «Балалар кітапханасы: идеялар кеңістігі» тақырыбында халықаралық форум өтті. Оған өңіріміздегі балалар кітапханаларының кітапханашылары қатысты. Олардың арасында Ыбырай Алтынсарин атындағы Түркістан облыстық кітапханасының басшысы Ақмарал Құдайбергенова да болды.
Өзара тәжірибе алмасу, шығармашылық идеялар мен жобаларды таныстыру және кітапхана ісін дамыту мақсатында өткен іс-шараға Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Ресейден арнайы қонақтар, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының балалар жазушылары секциясының төрағасы Нұрдәулет Ақыш, балалар жазушылары Серікбол Хасан, Тоня Шипулина және Наталя Инжевская шақырылды.
Сонымен қатар, қоғам қайраткерлері, Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханаларының өкілдері, облыстық балалар кітапханаларының және Қарағанды облысы бойынша орталық кітапханалар жүйесінің басшылары мен мамандары, қала мектептерінің кітапханашылары қатысты.
Форум барысында пленарлық алаңда баяндамалар оқылып, «Бізбен бірге істе! Бізден асып түс!» тақырыбында шеберлік сағаты өткізілді. Балалар жазушыларымен кездесу ұйымдастырылып, ашық микрофонда балалар кітап оқу және кітапхананың рөлі туралы өз ойларын жеткізді. Ал, дискуссия алаңында балалар кітапханаларының өзекті мәселелері талқыланып, құрметті қонақтардың қатысуымен баспасөз конференциясы өткізілді.
Екі күнге созылған форум Долинка кентінде орналасқан Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау музейіне (Карлаг) саяхаттаумен аяқталды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.
