
Әр заманда өзіне тән дәуір рухы болады. Дәуір рухы дегеніміз – ұлттық рухты жалғастырушы әрі дамытушы құдіретті күш. Патриотизм – қазақ халқы ұлттық рухының өзегі, қазақ халқының өмір сүруі мен дамуының алтын діңгегі. ХХ ғасыр басындағы Алаш қозғалысына ұйытқы болған жастар қазақ ұлтының патриоттық рухын биік шыңға шығарып кетті. Халық оларды сол үшін қадірлейді. Сол үшін ұмытпайды.
Белгілі бір дәуір тұрғындарының ішіндегі жас буын, бұл – сол қоғамдағы ең белсенді және ең қуатты күш. Ол үшін ең әуелі мемлекет жастарды белсенді түрде қолдауы, олардың аяғынан тік тұрып, армандарын жүзеге асыруына, ел ісіне араласуына толық жағдай жасауы керек. «Не ексең, соны орасың» дейді дана халқымыз. Біз бүгін жастарымызды қалай, қай бағытта баулысақ, ертеңгі болашағымыз солай болмақ. Сондықтан да Қасым-Жомарт Кемелұлының ұдайы: «Қазақстан – жас әрі жастардың мемлекеті! Жастарымыз – дамудың қозғаушы күші. Барлық мемлекеттік органдардың міндеті – жастардың өзін-өзі жақсы танытуына жағдай жасау және олардың оң бастамаларына қолдау көрсету» екенін баса дәріптеп жүруінің өзегінде осындай парасат жатыр. Демек, «алға қойған мақсаттарына қол жеткізіп, өзін-өзі дамытуға талпынған жастарға» мемлекеттің шынайы қолдауы қажет. Еліміздегі жас буын өз елінде өз болашағына қашанда сеніммен қарайтын болуы тиіс. Еліміз «ұрпағым дейтін ұлт болуға» ұмтылу керек. Мемлекет басшысының президенттік қызметке кіріскеннен бергі уақытта осы бағытта атқарған игі қадамдары көңілге зор қуаныш пен үлкен сенім ұялатады. Дәл қазіргі кездегі қазақ жастары өз арман-мұратын жүзеге асыру мен ел ісіне толық араласа алатын жаңа дәуірде, ең жақсы кезеңде тұр деуге болады.
Президент Қ.Тоқаевтың тікелей бастамасымен қолға алынып, жүзеге аса бастаған мемлекеттік жастар саясатындағы оң өзгерісті тұтас қазақ қоғамы қуанышпен және зор үмітпен қабылдағаны жасырын емес.
Сөзіміздің осы тұсында, жастарымыздың рухани бет-бейнесі қандай деген мәселеге де соға кетейік. Құдайға шүкір, қазақ жері, Алаш жұрты ежелден-ақ талант пен дарынға кенде болған емес. Бүгінгі күні де дарынды, талантты жастарымыз аз емес. Мәселе, сол талантты да дарынды жастарымыздың отаншылдық рухы, ұлтжандылық сезімі қай деңгейде?! Бұл қасиеттер әлдекімнің бойында кем соғып жатса, ондай жастың таланты мен дарынынан ұлтқа келер пайда шамалы. Бұл туралы сонау ХХ ғасырдың басында Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан: «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген болатын. Демек, «мінездің» бір аты «ахлақ» (мораль) болса, адамгершілік, отаншылдық пен ұлтжандылық деген қасиеттер сол «ахлақтың» күретамыры. Бұл мәселені айқын сезінген Мемлекет басшысы жастар саясатына қатысты пайымдауларында дарынды, талапты жастарға жағдай жасап, қолдау көрсетуді дәріптеумен бір уақытта, жастарымыздан отансүйгіштік пен ұлтжандылықты, еңбексүйгіштікті барынша талап етіп келеді.
Жаңашылдыққа деген қоғамдық сұранысты кім қанағаттандыра алады? Әрине, жастар! «Мемлекеттік басқарудың қағидаттарын» жаңартуға қабілетті әлеуметтік топ кімдер? Әрине, жастар! «Қоғамның қажеттіліктеріне сай келетін, мемлекетті тиімді, әділетті басқарудың жаңа үлгісін» табатын, қалыптастыратын кімдер? Әрине, жастар! Мемлекет басқаруда «ең заманауи технологияларды қолдануға» қабілетті адамдар кімдер? Әрине, жастар! Ендеше, жастардың бойындағы осынау мүмкіндіктерді ерте бастан аңғарған, аңғарып қана қоймай, жастарымызды бойында жалыны, күш-қуаты бар кезде мемлекет басқару ісіне тартуға бел буып отырған Қасым-Жомарт Кемелұлын кемел ойлы, көреген саясаткер екендігіне куә боламыз.
