
Мемлекет басшысының ауылдық аумақтарды дамыту, ауылдың табысы мен тұрмыс сапасын арттыру туралы тапсырмасын іске асыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына биыл Қазығұрт ауданында төрт ауылдық округ: Шарбұлақ, Шанақ, Қызылқия және Қақпақ енгізілді. Бұл үшін 1,2 млрд. теңге бөлінді.
– Жобаға 244 адам өтініш берді, оның 186-сы мақұлданды, 144-іне жеңілдетілген несиелер төленіп те қойды. Қалғандары жыл соңына дейін алады,– деді аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы А.Досанбаев.
Оның «Ауыл аманаты» жаңа ұлттық бағдарламасы туралы пікірін сұрадық. «Өте тартымды номиналды сыйақы мөлшерлемесі – бірінші жылдағы демалыспен жылдық 2,5%-дан аспайды. Шағын несиелеу мерзімі – бес жыл, ал мал шаруашылығы саласында – жеті жыл. Несиенің максималды сомасы – екі жарым мыңнан сегіз мың АЕК-ге дейін» деді.
Қазығұрт ауданында етті мал шаруашылығы белсенді дамып келеді. Ал енді мемлекеттен қолдау алып, өздерінің сүтті шағын шаруашылығын құруға ниетті тұрғындар қатары да артып отыр. Дегенмен сүт бағытында олардың қаншалықты табысқа кенелетіні белгісіз. Осыдан бірнеше жыл бұрын аудандық индустриалды аймақ аумағында құрғақ сүт пен сары май өндірісін салу жоспарланған болатын. Оған демеуші табылып, тіпті құрылысы да басталған тәрізді еді. Кенеттен бәрі тыншып қалды. Оған себептердің бірі аймақтағы шикізат – сиыр сүтінің тапшылығына байланысты болашақ азық-түлік нысанының тиімсіздігі деп аталды. Енді қазығұрттықтардың сүтті сиырларды сатып алуға және өсіруге ақшасы мен мүмкіндігі пайда болды.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында ірі қара мал алып, кәсібін ашқандардың бірі – Қызылқия ауылдық округінің тұрғыны Дина Айнабекова. Ол 5 жыл мерзімге 2,5 пайызбен 4,5 млн. теңге несие алды. «Бұл өте жақсы бағдарлама екен, өйткені екі жарым пайызбен және ауылдық жылжымайтын мүлік кепілімен банк те, басқа қаржы ұйымы да қарыз бермейді» деді бізбен әңгімесінде көп балалы отбасының отағасы Ерболат Айнабеков.
Ол Жамбыл облысына арнайы барып алып келген сауынды сиырларын көрсетті. Ол жақтан құлақтарына белгі, вакцина салынған 9 аналық сиыр әкелген. Отбасы болып оларға күтім жасайды. Энгельс атындағы ұжымшарды жекешелендіру кезеңінде Айнабековтерге үлеске бес гектар жер тиіпті.
«Біз оны төлем ретінде жоңышқа алатын шартпен жалға бергенбіз. Ал жоңышқаны сиырларымызға береміз» деген үй иесі бізге шатырдағы шөп қорын көрсетті. 600 бума шөп жинаулы тұр екен. Арпаны ұсақтауға арналған өз қолымен жасалған ұсатқыш машинаны да көрдік.
Гольштейн тұқымы – сүт бағытында өнімділігі жоғары сиыр. Айнабековтердің қорасындағы сиырлар күніне 20 литрге дейін сүт береді. Одан Дина құрт, сары май жасайды. Алдағы жоспарлары – үйде сүт өнімдерін шығаратын шағын цех ашу. Сөйтіп, ассортиментті әртараптандыруды ойластырып отыр.
Шарбұлақ ауылдық округіне қарасты Ақбастау ауылында тұратын көп балалы Әуелбековтер отбасы да дәл осы Айнабековтер сияқты өз жоспарларын құрып тастаған. Отағасы Ердәулеттің мамандығы – электрик. Оның да бұрынғы Ленин атындағы ұжымшардан алған жер үлесі бар. Ердәулет оны мал азығын өсіру үшін пайдалануға ниетті. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша Е.Әуелбеков жеке кәсіпкер ретінде 6 млн. теңге несие алыпты. «Бұл – біз сияқты ауыл тұрғындары көптен күткен бағдарлама. Егер ол болмаса, мен осындай тартымды шарттарда көптен бергі арманымды жүзеге асыра алар ма едім. Енді сүтті мал шаруашылығымен бел шеше айналысуға мүмкіндік туып отыр» деді Ердәулет.
Е.Әуелбековтер отбасы 12 сүтті сиыр сатып алған. Әзірге бесеуін ғана сауып отыр. Көп ұзамай табында өсім байқалмақ.
Әуелбековтер үй жағдайында сүт өңдеуді қолға алуды жоспарлап қойыпты. Жабдықты сатып алып, оны барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып іске қосса жеткілікті. Қысқасы, жоспар керемет. Өз кірістерін арттырып, өзін де, өзгелерді де қамтамасыз етуден үмітті. Мемлекет ауыл тұрғынының қолына қармақ берді. Енді оны сауатты және шебер қолдануды үйрену керек. Бастапқыда бұл оңай емес. Табандылық, ұмтылыс және үлкен еңбекқорлық қажет. Халық даналығы айтқандай, шыдамдылық пен еңбек бәрін жеңеді. Үкімет пен «Amanat» партиясы бастамашылық еткен бағдарлама тек көмекті, жәрдемді, қолдауды ғана емес, сонымен қатар жергілікті атқарушы органдар, партиялық белсенділер тарапынан пәрменді және тиімді бақылауды талап етеді. «Әрбір теңге ауыл тұрғындарына табыс әкелуі тиіс. Біз үшін ең бастысы – саны емес, сапасы» деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Т.Дүйсенова «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыру жөніндегі кеңесте.
Баян ДАРҒОЖИНА
