Бизнес әлемінде әйелдер қауымының үлесі артып келе жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Жаратылысы нәзік әйел затына қоғамдық тамақтану немесе кондитерлік цехтар, әсемдік салондары, гүл өсіру, сату, дүкен, жеке мектеп, аурухана ашу секілді қызмет көрсету салаларына қатысты кәсіптер қол. Десе де арамызда көп ер азамат тәуекел ете бермейтін бейнеті ауыр кәсіптермен айналысып жүрген қыз-келіншектер де жетерлік. Солардың бірі – Мөлдір Сапарғалиқызы. Ол күйеуімен бірге темірден түрлі құрал-саймандар, тұрмыстық қолданыстағы бұйымдарды жасап шығарады.
Ұсталық өнер – ер азаматтардың жұмысы. Мөлдірдің осы ауыр кәсіпті таңдауы бізді, әрине, таң қалдырды. Мемлекеттік грант олардың өз кәсіптерін кеңейтулеріне мүмкіндік беріп отыр.
– Ұсталық ақ ұсталық, қара ұсталық болып бөлінеді. Қара ұсталар құрал-саймандар, тұрмыстық қолданыстағы бұйымдарды жасаса, ақ ұсталар күміс, алтын, қола, жез секілді материалдардан әшекей бұйымдар жасайды. Бала кезден ата-анамыздың құлағымызға құйып өсірген ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптейтін әңгімелері менің ойымда мәңгі қалып қойды. Сондықтан болар, кішкентайымнан зергерлік өнерге жақын өстім. Тұрмыс құрып, өмірге сәби әкелген соң осы кәсіппен біржолата шұғылданғым келді. Зерттеп қарасам, зергерлік бұйымдарды екінің бірі жасайды. Ал, темірден кетпен, күрек, қалақ, орақ секілді құрал-саймандарды жасауға қазақтар көп бара бермейді екен. Базарларды аралап көрген соң жолдасымыз екеуміз осы тоқтамға келдік те, кәсібімізді бастап кеттік. Алғашында ұялатынбыз. Кейіннен табысымыз ұлғайып, сұраныс көбейген соң бұл қазаққа керек кәсіп екеніне көз жеткіздік, – дейді кәсіпкер.
Шеберханадағы барлық шикізат – отандық өнім. Яғни айналымға салған ақша ел ішінде қалады. Мемлекеттен берілген қайтарымсыз азын-аулақ қаражатпен Бәйдібек ауданы, Шаян ауылындағы шағын кәсіп осылай қанатын кеңге жая бастады. Алдымен 400 АЕК-ті құрайтын шағын грантты, кейіннен бизнесті дамытуға арналған 5 миллион теңгенің грантын жеңіп алып, шеберхананы кеңейтті. Өйткені, күнделікті тұрмысқа, егін шаруашылығына, мал шаруашылығына керекті құрал-саймандарға сұраныс көбейіп, оларға қажетті шикізатты үлкен қалалардан Бәйдібек ауданына қарай, дайын құрал-саймандарды кері тасымалдау бұларға артық шығын. Бүгінде Шымкент, Түркістан, Арыс қалалары мен тағы біраз ауданнан көп көлемде тапсырыстар түсіп жатыр екен. Бұл үшін тағы қосымша қаржы керек, Мөлдір отағасымен ақылдаса келе пайызы төмен несие алып, үлкен іске кіріспек ниетте. Қазір ерлі-зайыптылар шеберханаға жұмысшылар тартып, жаңа бизнестің жайымен ары-бері шапқылап жүр.
«Жасаған құрал-саймандарымызды, көбіне базарларға көтерме бағада өткіземіз. Ал, тапсырыспен жасаған дүниелерімізді тапсырыс берушілердің өздері алып кетеді. Қазір шеберхана жаққа көп барып жүрген жоқпын. Төртінші балаға жүкті болғандықтан, кеңседегі жұмыстармен айналысамын. Біздің бұдан басқа да отбасылық бизнесіміз бар. Адамдарға мемлекеттік грант, жеңілдетілген несие алу жолдары туралы әлеуметтік желілерде кеңестер беріп, бизнес жоба әзірлеу, кәсіп бастау, жүргізуді үйретеміз» дейді Мөлдір.
Жалпы, еліміздегі шағын және орта бизнесте жүрген әйелдердің ең көп үлесі Алматы, Нұр-Сұлтан, Алматы облысына тиесілі екен. Демек, Түркістан облысында әйелдер кәсіпкерлігін дамыту маңызды. Қыз-келіншектер үшін ала дорба арқалап, тауар таситын заман келмеске кетті. Қазір білімі мен біліктілігі жоғары, деңгейі биік, нарыққа бейімделген ханымдардың заманы. Ол ханымдар Мөлдір секілді елдің демографиясына да, экономикасына да үлес қосып жүрсе, тіпті керемет!
А.ЖАХИЯҚЫЗЫ.
