Адам өмірінің ең маңызды кезеңі жастық шақ. Нақтырақ айтсақ, 14 жас бозбала кезінен 30 жас жігіттік шаққа дейінгі кезеңді алуға болады. Бұл кезең адамның тұлға болып қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Адамның жас кезде алған білімі, оқыған кітаптары, көрген фильмдері, естіген немесе жаттаған сөздері, араласқан адамдары – түгелі дерлік оның болашақта тұлға болып қалыптасуына жол ашады. Сондықтан, жастық шақтағы уақытты болмашы дүниенің арзан ойын-күлкісіне алданбай, тиімді пайдаланып, сауапты іске арнау қажет. Біздің өміріміздегі ең қымбат нәрсе — ол уақыт. Адам белгілі бір уақытта жаратылды, уақытша жаратылды. Уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Уақытты қалаған кезімізде ұзартып, қалаған кезімізде қысқарта алмаймыз. Уақыттың адамға бағынбайтын өз заңдылығы бар. Қазақта уақытқа қатысты «қас қағым сәт», «көзді ашып-жұмғанша», «қамшының сабындай қысқа ғұмыр» тәрізді сөз тіркестері бағзы заманнан қалыптасқан. «Уақыт — емші», «уақыт — төреші» деген де бар. Осылайша, ата-бабамыз уақыттың бағасын жете түсініп, оның қадір-қасиетін ұрпақтарына жеткізуді қалаған.
Уақытты зая кетіру — ең ауыр өкініш. Уақытын қадірлемеген жан көптеген мүмкіндіктен айырылып қалады. Адам баласы уақытын ұтымды пайдалана білгенде ғана көздеген мақсатына жете алмақ. «Бес нәрседен бұрын бес нәрсенің қадірін біл: Қартаймай тұрып жастық шақтың қадірін біл, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін біл, кедейліктен бұрын байлықтың қадірін біл, қысылтаяңнан бұрын бос уақытты қадірле және өлмей тұрып, тірілігіңді ғанибет біл» деген сөз содан қалса керек.
Уақытқа қатысты қызықты деректерге сүйенсек, шамамен 800 миллион жыл бұрын, ерте замандағы тіршілік пайда болғанға дейін Жер бетін қалың мұздақ басып тұрған дәуірде бір жылда 486 күн болыпты. Ал жүз миллиондаған жылдар өткен соң — динозаврлар дәуірінде бір жыл 370 тәулікке дейін қысқарған. Дәл қазір оның небәрі 365 күннен ғана тұратыны белгілі. Неліктен бұлай? Өйткені, ғасырлар өткен сайын ай гравитациясының әсерінен Жер ғаламшарының айналу жылдамдығы азайып келе жатыр. Соның салдарынан күндер ұзарып (шамамен бір мыңжылдықта 1,7 миллисекундқа), ал жылдар қысқаруда.

Өмір – адамға бір-ақ рет берілетін Алланың нығметі болса, ең қымбаты – жастық шақ. Әр адам жалындап, тынымсыз еңбек етіп, өмірінің негізін қалайтын уақыт бұл. «Не ексең – соны орасың». Қазіргі жастар жалындаған жастық шақтың өтпелі екенін санасына мықтап түйіп, оның әр минутын орынды пайдаланса құба-құп.
