
«Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы арқылы 63 мектеп салынады.Түркістан облысы бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына 63 мектеп енгізіліп, бекітілді. Бұл жөнінде облыс әкімінің міндетін атқарушы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында айтылды. Осы орайда, өңір басшысының міндетін атқарушы аймақтағы мектеп тапшылығын жою, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу бағытындағы жұмыстарды жүйелеуді әрі ширатуды тапсырды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде 2023-2025 жылдары Түркістан облысында 63 мектептің (жобалық қуаттылығы – 57300 орын) құрылысын салу жоспарланған. Оның ішінде: 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 16 мектеп, 900 орындық 17 мектеп, 1200 орындық 8 мектеп, 1500 орындық 5 мектеп, 2000 орындық 6 мектеп салынбақ. Қазіргі таңда 55 мектеп салынатын жер учаскісіне меншік құқығын беретін мемлекеттік актісі алынған, қалған жер телімдері бойынша жұмыс жүріп жатыр. Жиында өңірдегі құрылысы жүріп жатқан мектептер мәселесі де қаралды. Сонымен бірге жұмыстары кешеуілдеп жатқан нысандардың жай-күйі сарапталды. 2022 жылы Түркістан облысында 54 мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізуге 20,3 млрд. теңге қаржы қаралған. Жыл соңына дейін 22 мектепті (5100 орын) пайдалануға тапсыру жоспарланған. Бүгінгі таңда 8 мектеп (Мақтаарал, Сарыағаш-2, Келес, Төлеби-2, Түлкібас-1, Бәйдібек аудандарында) ел игілігіне берілді. Қалғандары жыл соңына дейін тапсырылады деп көзделіп отыр.
2024 жылы жалпы 29 мектептің, 2025 жылы 34 мектептің құрылысын аяқтау межеленген. Білім нысандарының құрылысы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ бірыңғай операторы арқылы жүзеге асырылады. Аталған нысандарға қажетті жерді, инфрақұрылымды, газ, электр, су мәселелерін жедел шешіп, құрылысқа дайындықты бастау жөнінде тапсырма берілген. Осы орайда, облыс әкімінің міндетін атқарушы Дархан Сатыбалды аймақтағы мектеп тапшылығын жою, апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін түбегейлі шешу бағытындағы жұмыстарды жүйелеуді әрі ширатуды тапсырды.
Аппарат отырысында облыс бюджетінің орындалу барысы да талқыға салынды. Облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасының басшысы Әбдірахман Тасыбаевтың айтуынша, 2022 жылдың 25 қарашасындағы дерекке сәйкес, жергілікті бюджетке түсетін салықтар мен басқа да түсімдердің жоспары 92,6%-ға орындалған. Барлық аудан, қалаларда кірістер жоспары 100,0%-ға орындалады деп күтілуде. Қаржыны игеру барысындағы мәселелер де айтылды. Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдері мен басқарма басшыларына қаржыны игеру, сол арқылы өңір инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмысты жандандыруды тапсырды.
