Ауылдың келбеті кісі танымастай өзгерді. Алдымен жарқырап үлкен мектеп түсті. Іші тап-тұйнақтай, едені жып-жылтыр, есік-терезесі жап-жаңа. Кісі кірсе шыққысыз. Өкімет емхана да салды. Көше-көшенің бәрін асфальттап, екі жиегін жаяу жүргіншілер жолы етті. Әр үйге газ құбыры тартылды. Адамдар ауласын қоршап, темірден қақпа қойды. Жұрт бас-басына жеңіл мәшине ала бастады.
Алайда, Тұрғын ақсақалға бұл көрініс ұнамаушы еді. Оның ұлы Жарылқап та қатардан қалмай, ауласын қоршап, ескі үй мен қора-қопсыны бұзғысы келетін. Әкесі оған ырық бермеген соң іштен тынып жүретін.
– Әй, балам-ай. Жылтыратып, жаңартқанда не қасиет бар дейсің. Адамдардың пейілі де жаңарып кетеді одан. Пейілі жаңарған адамда бұрынғы қасиеттен не қалсын?! Ауылдың мына тұрқы түк те қызық емес. Қарап отырып құлазисың да қоясың. Іші-сырты айнадай зәулім мектепте оқыған баладан ауыл деген сезім алыстайды. Көше де тас, есіктерінің алды да тас, айналаның бәрі қыш қорған. Ел араласудан қалды, жұрттың түсі суып барады, – деп отыратын. Тұрғын ақсақал шықшытты келген тығыншықтай шегіркөз адам еді.
Әкесінің онысын Жарылқап қабылдай алмайтын. Ол үйді сүріп тастап жаңасын салдырғысы келетін де тұратын. «Соны істесем ешкімнен ұялмаймын, жүзім жарқын болады» деп ойлайтын. Әкесі қорада мал ұстаушы еді.
Бұйрашаш Жарылқапты адам болсын деп заңгерлікке оқытқан. Әупіріммен оқуды бітірген соң дипломды әкесіне берген. Ал, өзі отыз жылдан бері ауыл мен аудан орталығына жеке мәшинесімен адам тасып нәпақа табатын. «Рахат. Адам болса жүресің, болмаса карта ойнайсың. Қызметтің керегі не жалақыға телміріп, қағаз жазып. Адам тасып қолға ақша ұстағанға не жетсін» деп ойлайтын. Жарылқаптың бар арманы зәулім үй мен су жаңа мәшине болатын. Әйелі Салиқа мен балалары оны қоштайтын. Ал, әкесіне ұлының мұнысы ұнамаған. Қызмет істесе дейтін. «Үй мен мәшиненің өмірлік мақсат болғаны несі?» деп өкінуші еді.
Тұрғын ақсақал ауылдың шаңы шығып, азан-қазан болып жататынын сағынатын. «Жұрттың қиқы-жиқы шарбақтарының іші жайқалған бау-бақша еді-ау. Кемпірім марқұм кешкі апақ-сапақ уақытты жақсы көретін. Өрістен жамырап қой түседі, мен сиырды айдап келемін. Адамдар бір-біріне ыстық болушы еді, арқа-жарқа ел едік-ау. Ол уақытта жұрттың бәрі кеңшарда істейді. Қазір мен сияқты бірлі-жарым адам болмаса, ешкім үйінде мал ұстамайды. Етті де, нанды да аудан орталығындағы базардан тасып жейді. Мал ұстайтындар қорасын ауыл сыртына көшіріп, өз алдарына кәсіп ете бастады. Нан демекші, нан жабатын үй жоқ. Бұрынғы тандырлар мүжіліп, кесегі жерге түсіп таусылды. Мына жаңарған ауылда не қызық бар? Жұрттың есіл-дерті қала, базар. Одан бір шекелері шылқып жатса мақұл ғой. Той істесе де банк, сауда қылса да, мәшине алса да, үй салса да банк. Аулалары сарғайып жатады. Баяғы жайқалған жасыл тіршіліктің бірі жоқ. Ауылдық кеңестің ғимаратын бұзып, орнына жаңасын салды. Оған жұрт кіруге қорқады. Ел биік дуал менен темір қақпаны сән қылып алды. Ешкім ешкімді көрмейді, білмейді» деп отыратын ақсақал.
… Кемпірі кеткелі он шақты жылдан бері қолдағы ұл мен келіннің қас-қабағына қарап мүсәпірдің күйін кешкен Тұрғын ақсақал шөгіп, малына қарауға шамасы келмей қалды. Немерелерін жұмсайтын болған. Малының қарасын үзбей, арасында сойып немесе сатып, ұлының отбасына қолғабыс жасайтын. Немерелерінің алды жігіт болып келін әкелген. Оның тойы мен құдалығына деп бір жылқысын сатып берген. Жарылқаптың тапқаны не болады, күндегісі-күнде жоқ.
Күннен-күнге халі нашарлаған Тұрғын ақсақал ауданның орталығында тұратын інісі Ештайды шақыртқан.
– Көке, жайша шақырдыңыз ба? Есенбісіз? – деп сөйлей кірген інісі ағасының халін көріп іркіліп қалды. Көзі шүңірейіп, шөгіп қалған қарияға тесіле қарады. Көптен ат ізін салмай, хабар білмей кеткен еді.
Інісі Ештай мен ұлы Жарылқап тыңдап отырды. Тұрғын ақсақал сөйлеп жатты.
– Бойымнан қайрат кетті. Көпке бармаспын. Балаларда не бар дейсің. Анау Шымкенттегі үлкен ұлда дым жоқ. Мұғалім болып күнін зорға көріп жүр. Аудан орталығындағы базарда шылым-пылым сататын кіші ұлдан қайран жоқ, Құдай аманат жүрген адам. Қорадағы малға қарауға шамам жетер емес. Қасқа дөнен тұра тұрсын. Оны жаназама сойыңдар. Қара құнан мен екі тананы сатыңдар. Өлімтігіме деп жиған малым өздеріңе аманат. Сақтап жүрген мынау төрт жүз мың теңгем де бар. Жеті күндігіме, қырық күндік асыма жаратыңдар. Жылдық асым жан нәсіп. Ештай, сен осыған бас бол. Ал, анау он бес қойды немерелер бағып-қақсын. Керектеріне жарар. Кемпірімнің жанынан жай алып қойғанымды білесіңдер, сол жерге қоярсыңдар. Балам, бауырларыңмен ынтымақ қыл, ағайынға жақын жүр.
Үнсіздік орнап, інісі мен ұлы төбелерінен жай түскендей аңтарылып отырған. Сәлден кейін інісі Ештай:
– Көке-ау, қайдағыны айттыңыз-ау. Әлі- ақ тәуір болып кетесіз, – деді.
– Әке, дәрігер әкелейін. Жазылып кетесіз ғой, – деп орнынан ұшып түрегелген ұлы.
– Жоқ, балам. Дәрігерді қой. Өзім біліп отырмын. Еш уайым қылмаңдар. Шайтан емес шығармын, менің де күнім бітуге таяды. Сексеннен өттім, шүкір. Қиналмай, алаңдамай жөнеп кетсін десеңдер жаңағы айтқанды істеңдер, – деді қария.
… Қария екі жетідей жатты. Келіні Салиқа жолай қойған жоқ, ұлы мен немерелері қарады. Беті бері қарамады. Алжып, адам танымай, сандырақтауға көшті. Содан бірер күн өте Тұрғын ақсақал дүние салды.
Ештай мен Жарылқап сатқан мал әжептеуір ақша болып, жетісі мен қырқына жаратылды. Одан артылған ақша, марқұмның қалдырған төрт жүз мыңы, ағайын-жекжаттың берген бата оқыры бар, Жарылқап бір жарым миллион теңгелі болды. Буып, сандықтың түбіне салған. Әйелі екеуі ғана біледі.
Ештай ұялы телефонмен байланысып, қарызға бес жүз мың теңге сұрады. «Жеңешеңнің дүкеніндегі тауарын көбейтіңкіреп берейін деп едім, саудасы көтерілмей жүр» дейді. Жарылқап қиналыңқырап: «Ойланып көрейін, үй-ішіммен ақылдасайын» деп екіұшты жауап қатты.
Салиқаға айтып еді, ол дөңгеленген денесін оңды-солды шайқап, екі қолын ербеңдете:
– О несі ей? Бермейміз ақшаны! Аулақ жүрсін! Темір қақпаны жаңалаймыз, дуалды көтереміз дегенің қайда? – деп шыжбаңдап кетті.
Жарылқап үндемеді, өзінің де бергісі жоқ. Ештайға телефон соқпады. Үш күннен кейін Ештайдың өзі хабарласып:
– Әй, өткендегі не болды? – деп сұраған. Жарылқап:
– Көке, ренжімеңіз… Бере алмайтын болдық. Ақшаны қарыштайтын жеріміз бар еді.., – деп міңгірледі. Ештай тістеніп: «Адам емес екенсің иттің баласы! Қызметімді ақтамадың» дегісі келді де іркіліп қалды.
– Ее, мейлі. Келіннен аса алмайтын ынжық екенсің де. Аман бол, – деді де қоя салды. Ал, Ештайдың әйелі Салиқаға телефон соқты:
– Әй, болып-толып қалдым деп ісініп отырсың ба? Несиеге сұрадық қой. Саудадан қайтарар едік. Бере салсаң нең кетті?
– Жоқ, бермеймін. Қашан саудаңыз жүріп, қашан қайтарғаныңызша күте алмаймын. Менің де ақша жарататын жерім бар.
– Ее, атаң кетіп желпініп қапсың ғой. Көрермін, қай жерге дейін барар екенсің.
– Қайда барсаңыз онда барыңыз. Бізден ақша сұрамай, жайыңызға жүріңіз!
– Ойыбоой, тілің ұзарыпты ғой.
Осындай әңгімеден кейін Салиқа нілдей бұзылды. Кеудесін күйеуінің туыстарына деген ыза-кек кернеді. Марқұмның қаладағы үлкен ұлы әкемнің көзі деп естелікке тақиясын сұраған. Осыны құлағы шалған Салиқа атасының тақиясын көз көрмес бір жерге тығып тастады. Жарылқап оны іздеп таппағасын әйелінен сұрады:
– Әкеңнің тақиясын бағып жүріп пе едім. Ағаң не қылмақшы оны, басына киіп жүрмек пе? Білмеймін қайда екенін, – деп теріс бұрылды. Сөйтті-дағы қаладағы абысынына телефон соқты:
– Әй, қайнаға атамның тақиясын сұрапты. Тозып кеткен тақияны қайтпек? Дендерің сау ма өзі? Жоқ тақия. Қоқысқа салып өртеп жібердім! Сүйдеп сәлем айт байыңа! – деп долданды. Абысыны сабырлы әйел.
– Қайдан білейін. Әкемнің көзі деп сақтамақ екен. Өртеп нең бар? Балаларыңа сақтамадың ба? – деген. Салиқа одан бетер ызыланып:
– Күн жеп, сарғайып кеткен тақияны не қылады балаларым? Ал, сенің байыңа тақияны бар болса да бермеймін. Әкесі өлгенде қосқан түгі жоқ, ұятсыз екен. Әкесінің тақиясынан садаға кетсін! – деп кілт тоқтады. Не дер екен деп жауап күткені. Абысыны үн-түнсіз телефонын өшіре қойды.
Тұрғын ақсақалдың кіші ұлы аудан орталығында пәтер жалдап тұрады, екі балалы. Келіншегі екеуі базарда шылым, сағыз, балалардың тәтті-пәттісі, насыбай деген сияқты майда-шүйдені сатып күнелтеді. Әкесінің қырқы өткеннен кейін ағасы Жарылқапты ақша дәметіп жағалаған. Арзан үйіргелік жер кезіккен екен, соны алғысы келетінін айтқан. Жарылқап бергісі келіп еді, алайда әйелі:
– Жоқ! Әрі жүрсін! Бізде де бала-шаға бар. Бермеймін! – деді.
Жарылқап осының бәріне көніп, іштен тынды. Ақшаны өзі де ешкімге бергісі жоқ еді. Әйелінің мұнысын іштей дұрыс көретін сияқты. Сөйтіп, үйінің көше жақ қабырғасына жапсарлап екі бөлме қосуға кірісті. Үлкен мал қораның піскен қышы жарамды екен, сонымен үйдің қабырғасы тұрды. Қолдағы ақшаны Салиқа едәуір кемітіп қойған еді. Өзіне алтыннан алқа, жүзік, үстіне қаракүзеннің терісінен тігілген қымбат тон алған. Баласына ұялы телефон мен компьютер әперген. Содан қалған ақша тек үйдің ағашына ғана жетті.
Енді Жарылқап Каспий банкке барды. Мәшинесін кепілге қойып, үш миллион теңгеге несие рәсімдеді. Соған үйінің төбесін жапты, есік-терезе алды, темір қақпаны жаңалады, есігінің алдын бетондады және көше жақ дуалды биіктетті. Жиһаз жаңартуға да жетті. Әріптестері оны қолпаштап, мақтады. Жарылқаптың мәшинесін жаңалауға ғана шамасы келмеді.
Сырттан қарағанда марқұм Тұрғын ақсақалдың үй-жайы биік қоршау ішіндегі қамалға айналды. Аулада мал қора жоқ, бау-бақша да қалмаған.
Аталарының немерелеріне қалдырған он бес қойы банк несиесінің ай сайынғы өтеміне шетінен кетіп таусылды. Дегенмен, несиені өтеу мерзімі біте қоймады. Қысылтаяң енді келді. Жарылқаптың тапқаны жетпейді. Құдай қолдағанда жас келіні балабақшаға жұмысқа тұрып, соның айлығы ай сайын банк несиесін өтеуге жарап тұрды. Баладан қайран жоқ, оның көше кезгеннен басқа бітірері болмады.
Аталарының жылдық асын өткізерде тағы да бір жанжал болды. Мал да жоқ, қаражат та жоқ.
– Туыстарыңа айт, ақша қоссын! Ағаң мен ініңе салық сал! – деп Салиқа күйеуінің алдында топалаң шығарды.
Ештай әйелі екеуі келген.
– Жеткен жерлерің осы болса қайтесіңдер енді. Көгермеді деген осы, – деді Ештай. – Сендерге садақа бергелі келдік. Ағам жақсы адам еді. Тәрбиесін алмаған екенсіңдер.
– Бізге күндерің түсіп отырсыңдар. Әлі көресілерің алда, – деді оның әйелі. Екеуі тез жиналып, дастарқанның шетіне жиырма мың теңгеліктен екеуін тастап кетті. Салиқа ызаға булықты. Қарсы сөз айта алмай тұншыға отырып ақшаны алды. Ішінен «Әлі көрсетермін сендерге» дейді.
Жақын туыстардың арасынан төрт-бес адам атағандарын әкеп беріп кетті. Ал, Жарылқаптың қаладағы ағасы мен аудан орталығындағы інісі банктен несие алып, екеуі жүз елу мың теңге әкелді. Жарылқаптың өзі танысынан қарызға алпыс мың теңге алды. Өстіп дуанашылық қылғандай болып қаражат жинады. Жылқы соймаса да екі қой сойып, жылдық асты әйтеуір өткізді.
Өмір осылай өтіп жатыр. Жарылқаптың үйіне қарай адам аяғы сиреді. Ағайын-туыстың арасы суыды. Айналдырған үш бауыр өкпелесіп, араласпай кетті. Ілуде бір, той-жиын болса ғана бір-біріне елден ұятты деп өлгеннің күнінен барады. Бұрынғыдай шүйіркелесу жоқ. Сұп-сұр болып барып, сұп-сұр болып қайтады.
Ал, Тұрғын ақсақалдың тозығы жеткен тақиясы үйдің шатыры астында шаң мен топыраққа басылып, өрмекшінің өрмегіне оратылып жатыр.
Жылдар бірінен соң бірі жылжып жатса да, Тұрғын ата мен зайыбының басына әлі ескерткіш белгі қойылған жоқ.
Серік АЛДАНОВ
