
Туризм саласы Түркістанда бұрыннан жақсы жолға қойылған. Бұл сала бойынша 2021 жылы инвестиция көлемі 102 млрд теңгені құрап, республика бойынша бірінші орынға шықты. 2021 жылы облыста «Керуен Сарай» көпфункционалды туристік кешенінде демалыс орындар және туристік нысандары іске қосылды (Ramada by Wyndham, Emir Plaza, Rich Hotel, Grand Villa, Golden Ray Turkistan Hotel, Этно Парк Резорт). Сондай-ақ, 2021 жылдың қорытындысы бойынша Түркістан қаласына бір күнде 1 417 372 адам келді (2020 жылы – 382 606 адам болған).
2022 жылы ішкі туристердің санын 261 000 адамға, шетелдік туристердің санын 7 290 адамға, Түркістан қаласына бір күндік келушілер санын 1,6 млн адамға, туризм саласы бойынша көрсетілетін қызметтердің көлемін 3,5 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарланған.
Түркістан қаласының дамуы туралы айтатын болсақ, тұтастай жаңа қала салынды деуге болады. Санақ нәтижесі бойынша қала халқы 56 356 адамға өсіп, 221 102 адамды құрады (2018 жылы 164 746 адам болған). Төрт жылда қалаға тартылған инвестиция көлемі 8 есеге артып, жалпы 793,2 млрд теңгені құрады. Оның ішінде, 50 пайызға жуығы (389,4 млрд теңге) жеке инвестиция.
Қаланың негізгі әлеуметтік-инфрақұрылымы қаланып, жаңадан халықаралық әуежай, әкімшілік-іскерлік және рухани-мәдени орталықтары салынды. Биыл мұз айдыны, Теннис орталығы, ескек есу каналы Б.Саттарханов атындағы спорт кешені, туристерге арналған жасанды көл демалыс орталығы салынып, пайдалануға берілмек.
Төрт жылда Түркістан қаласында жалпы 337 көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы жүргізілуде. Аталған көпқабатты тұрғын үйлердің барлығы толық аяқталса, 15 мың пәтер пайдалануға беріледі.
Бұған қоса ерекше үш мәселенің түбегейлі шешілген. Алғашқысы – табиғи газбен қамту. Бұған дейін табиғи газбен қамту деңгейі 26 пайыз болса, бүгінде қала тұрғындарын көгілдір отынмен 100 пайыз қамтамасыз етілген. 2021 жылы табиғи және сұйылтылған газды қауіпсіз пайдалану мақсатында әлеуметтік қолдауға мұқтаж 500 отбасыға газосигнализатор орнатылып, бұл өз кезегінде қаланың экологиялық ахуалын жақсартып және жасыл экономика бағдарламасына оң септігін тигізіп жатыр.
Екіншісі – қала халқын сумен қамтамасыз ету. Бұрын Түркістан қаласында халық 100 пайыз таза ауызсумен қамтамасыз етілмеген және суармалы су өте аз болды. Осы мәселерді шешу мақсатында бірінші кезекте халықты ауызсумен қамтамасыз ету қолға алынып, жүзеге асырылған екі ірі жобаның арқасында бүгінде бұл мәселе түбегейлі шешілген және істе 2050 жылға дейін халық саны 500 000 адамға жету мүмкін деген болжам да ескерілген.
Түркістан қаласына 234 млн текше метр ағын су жетіспейтіні анықталып, оны шешу үшін ғалымдармен кеңесе келе Түркістан қаласына 248,8 млн текше метр ағын су жеткізудің жолы табылған. Бұл үшін «Түркістан магистралды каналын күрделі жөндеу» жобасы арқылы 60 млн текше метр су үнемделіп, қала аумағындағы 8 шақырым канал бойы абаттандырылады (құны – 16,5 млрд тг).
Бұрын ағын су 43 пайыз фильтрациялық шығынға ұшыраса, енді оны болдырмау үшін бүгінде 52 шақырым каналды бетондау жұмыстары жүргізілген.
2021 жылдың желтоқсан айында «Кеңсай – Қосқорған – 2» су қоймасы жобасы пайдалануға берілді. Жоба аясында 34 млн текше метр ағын су жеткізіледі.
«Арыс-Түркістан магистралдық арнасын толықтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық арна салу» арқылы 52,8 млн текше метр ағын су жеткізілетін болады (құны 30,2млрд тг). Жаңадан «Сарқырама» су қоймасын салу арқылы 65 млн. текше метр ағын су жеткізілмек (құны 7,4 млрд тг).
Сондай-ақ Кентау қаласында «Қосқорған» су қоймасын толықтыра отырып, су төмендету жүйесін салу жобасы арқылы 40 млн текше метр ағын су жеткізіледі (құны 20 млрд тг).
