Олардың туған Отанына оралған күннен бастап азан шақырып қойған есімі ұмытылды. «Оралман» деген атауға ие болды. Сол «оралмандардың» біразы біздің ауылға келген еді. Олар «қытайлық» атанды. Сол «қытайлықтардың» ішінде Төлеухан апа мен ұлы Союзбек те бар. Егістің басына қарауыл керек болса Төлеухан, малға жәрдемші керек болса Төлеухан, қоғамға аспаз керек болса Төлеухан, сақманшылыққа адам керек болса Төлеухан апа жүруші еді. Төлеуханның жалғыз ұлы Союзбектің денсаулығы жоқ. Бала жастан жарымжан. Анда-санда құлап қалатыны бар. Бірде малда жүрген Төлеухан аттан құлап, екі қолын мертіктіріп алды. Екі қолының басы шом болып бітіп, тіршілігі қиындай түсті. Оған нан ашытып, пісірудің өзі мұңға айналды. Союзбек болса да науқас. Науқас болса да ертелі-кеш жұмыстан қалмайды. Еңбекқор. Ол анасы мен баласы екеуі Қытайдан көшіп келгенде иелік еткен қорасын ауыл малшылары «Төлеуханның қорасы» деп атап кетті. Озат шопандар, ферма басшылары «осы қорада 20-30 жыл отырған шопандардың есімі аталмай, жәрдемші шопан Төлеуханның есімімен аталуы қалай?» деп бас шайқасты. Соны Төлеухан жұрттан әдейілеп сұрап алып па? Сонау жапан түздегі қора Төлеуханға керек пе еді?!
Басында баспанасы, есігінің алдында тышқақ лағы жоқ, олардың жем сақтайтын қойманың жапсарлас екі бөлмесінде тұрып жатқандарына екі-үш жыл болды. Не ұжымның есебінде жоқ, не мүгедектікке ілінбеді. Бұл дүниеде Төлеухан мен Союзбектің бар-жоғынан ферма меңгерушісі түгілі, кеңшар басшысының өзі хабарсыз сияқты. Ауыл ішіндегі барлық үйде электр жарығы бар. Тек Төлеуханның үйінде жоқ. Шынысы қамырмен жамалған, тазалайтын болса сынып, шашырап кетуге дайын тұрған қарала, ыс басқан шамның әлсіз жарығымен отырады. Азықтары қысы-жазы қара нан мен шай ғана. Шынында, оларды ешкім іздемейтін.
Төлеухан арыз жазу, талап ету, үкіметтен жәрдем сұрау дегенді білмей өтті. Барға қанағат, жоққа салауат. Қайсыбір жылы ауыл ақсақалдары жалғызілікті Шәйнек атаға қосқан болатын. Екі жарты, бір бүтін болып, септесіп, күн көрер, бір уақ шүйіркелесіп отырсын деп. Қайдағы шүйіркелескен? Төлеуханда үн жоқ. Кеш түсе шай ішіп бола салысымен теріс қарап, үстіне ілінгенін жауып, жата кететін де, таңалакеуімнен тұрып алады. Жар қызығы, отбасы, әйел деген ұғым Төлеуханның жүрегінен өшкен екен. Көп отаспады. Баяғы таз қалыптарына қайта түсті.
Өз басым Төлеуханның адам болып ән айтқанын, ашылып әңгіме айтып сөйлескенін естімеппін. Ал Союзбекті ауру дегенде «түкке жарамайды» деген сөз емес. Ол да ерте көктем шыға ферманың шөбіне, сақманына, күзде жиын-теріміне барады. Қыста шөп майдалау агрегатында істейді. Екеуі де қарап отырмайды. Сонда да тапқан табыстары мардымсыз. Кешкісін ана мен бала екеуі үнсіз ғана екеуден екеу отырып шайларын ішіп, жата қалады. Не теледидар, не радио, не газет-журнал жоқ. Газет-журнал болған күнде де екеуі хат танымайды. Ұлының есімін неге ғана Союзбек деп қойды екен? Армандап, аңсап келгендегі Союзы мынау болды. Бірлі-жарым ауыл адамдары бас қосып қалғанда, «сендер білмейсіңдер ғой, Төлеуханның бір атары бар. Ол ашылып сөйлей қалса, кез келгеніңді сөзден жеңіп шығады. Тілі тас кеседі. Мақалдатып, өлеңдетіп сөйлегенде аузың ашылып, көзің жұмылады» дейді. Бірақ Төлеуханның ашылып сөйлейтін сәтіне кез болмаппыз.
Олардың алаңсыз да асықпай жүргеніне қарап, «Отанымызға келдік, малын бақсақ та, ата-бабамыз арман етіп, бір уыс топырағына зар болып кеткен қазақ жеріне келдік. Алматысы не, Созағы не? Екеуі де біз үшін қазақ жері. Бізге осыдан өзге бақыт пен байлықтың, жұбаныш пен қуаныштың, шаттық пен шарапаттың керегі жоқ. Ең бастысы, бабамның кіндік қаны тамған туған топырақта жүрмін!» деген ойды аңғарғандай болдым. Олардың осы өмірлеріне риза екендіктерін еңбекқорлығынан, төзімділігі мен сабырлылығынан, қуаттылығы мен жігерлілігін сезінгендеймін.
Бүгінде Төлеухан да, оның ұлы Союзбек те жоқ. Анда-санда ауылдың төменгі жағында солар тұрған, қазіргі күйі қирандыға айналған қараша үйді көргенде ғана екеуі еріксіз есіңе түседі.
Өткен жолы бір жігіттер өздерінің шаруашылықтары жөнінде әңгімелесіп отырып, сөз арасында «Төлеуханның қорасы» деп айтып қалды.
Сонда атажұртын аңсап келіп, құл мен күңнің күйін кешкен екі мұңлықтың қилы да қиын тағдыры тағы көз алдыма келді. Үстінде солдат шинелі, басында жұлма-жұлмасы шыққан құлақшын. Ауылдың кішкентай балалары «Сойуз жынды, Сойуз жынды» деп мазақтап артынан жүгіретін. Бұрылып тоқтай қалса, тым-тырақай қаша жөнеледі. Бірақ ашуланып кектеніп тұра жүгіріп жатқан Союзбек жоқ. Мазаққа да әбден еті үйренген сияқты. Ішкілік пен шылымға құлқы жоқ. Союзбектің аяғында қысы-жазы керзі етік. Шілденің ми қайнатар ыстығында аяғындағы керзі етігін шешпейді. Ол уақытта монша деген сирек. Ауылға айына бір рет жылжымалы монша машинасы келетін. Төлеухан мен Союзбек үйінде шомылады ма, әлгі моншаға келмейтін. Бірақ қайсыбір монша дейсің, суы салқын, іші қоңырсалқын оның ішінен жұрт дірдектеп атып шығатын. Кейін ауылдың төменгі жағынан бір бөлмелі монша салынды. Іші көк түтін. Жұрттың алды кезек күтіп әзер түсіп шығатын. Сол моншаға Төлеуханның үйі жақын тұрды. Бірақ солардың моншаға келіп түскенін көрмеппін. Сол уақытта, яғни 1960 жылдары Қытайдан Шаға ауылына Әбді, Манап, Бөртіке деген қандастарымыз көшіп келді. Олар келе салысымен ауылдағылардың біреуіне өкіл іні, біреуіне өкіл аға болып сіңісіп кетті. Ауыл жұрты бір-бір малдан беріп, алдарына салып берді. Кейін бір-бір отар қой алып, кеңшардың мал шаруашылығын өркендетуге атсалысты.
Тәуелсіздік келіп, егемендік орнаған соң сол кісілердің ұрпақтары ағайын-туыстарын іздеп, Алматы облысына көшіп кетті. Сөйтсек, ағайын-туыстары сол жақта екен. Өздері бұрыннан хат-хабар алысып тұрса керек. Бірақ солардан жырақтап, жылы орнын суытпай көшпей қалған осы Төлеухан мен ұлы Союзбек қана еді. Мүмкін ол жақта іздеушісі болмады ма, білмедім. «Қара су мен қара шай ішсек те осы елдің ішінде қаламыз» деп ұйғарса керек.
Шындығында бірге туған қандасымызды «анаусың, мынаусың» деп бөле-жаруға болмайды. Осы ретте ақынның:
Сен оралман емессің, бауырымсың,
Тағдырыңның жеңгенсің ауыр қысын.
Сен оралман емессің, орманымсың,
Ашылмаған құпия толған ішің, – деген өлең жолдары еске түседі.
Мақсат ҚАРҒАБАЙ.
