
Тірлікте әкенің орны бөлек қой. «Әке – асқар тау» деп бекер айтылмаған. Өзіміз ата болсақ та әлі күнге дейін әкемізге деген сағыныш жүректің төрінде жатады. Әкем жарықтық ақтық демі таусылғанша еңбектен қол үзбеген жан еді. Қақ-соқпен ісі жоқ, көп сөйлемейтін, момын, қолы ашық адам болатын.
Қарт Қаратаудың қойнауында тарихы терең, сыры ерен Ащысай деген кеніш бар. Кезінде осында полиметалл рудасы өндірілген көрінеді. Білетіндердің айтуына қарағанда, Ұлы Отан соғысында жауға қарсы атылған он оқтың жетеуі осы шахтадан алынған қорғасыннан жасалған. Мұны айтып отырған себебім, әкей осы кеніштегі шахтада қырық жылдай еңбек етті. Әміре, Әмірбек атты екі інісі майданға кеткенде әкеміз Әмзені өндіріске де жұмысшы керек деп броньмен алып қалған екен. Шахтадағы, жер астындағы ауыр еңбегінің өтеуіндей болған «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерін кейде немерелеріне көрсетіп, мақтанып қоятыным бар. Өзі хат танымаса да көкірек көзі ашық, өмірден көргені мен түйгені мол жан еді. «Мен кезінде өмір тауқыметімен оқи алмай қалдым, енді сол олқылықтың орнын сендер толтырыңдар» деп отыратын бізге. Соның өтеуіндей болып Өскенбай ағам екеуміз жоғары білім алып, әке арманын ақтауға тырыстық.
Орайы келіп тұрғанда айта кеткен артық болмас, сол Өскенбай ағам ширек ғасыр өз өмірінің өзегіндей болып кеткен, ғұмырының аяулы сәттері қабырғасында өткен «Оңтүстігіне» – «Оңтүстік Қазақстан» газетіне барын да, нәрін де берді. Маған да «Оңтүстіктің» ыстық тартып тұратыны содан. Анда-санда ағамен бірге Теріскейге ат ізін салып тұратын түстіктің ақын-жазушылары үйге келгенде алдымен әкемізге сәлем беріп, әңгімесін тыңдайтын әкем әсіресе, ағамның жан досы, өзі де ерекше Уәлихан аға Темірбековті ерекше жақсы көрді. Хабар болмай қалса «әй, әлгі ақбас балам соқпай кетті ғой» деп өз баласынан бұрын Уәкеңді іздеп отырушы еді жарықтық. Уәлихан аға да ол кісіні өмір бойы көке деп сыйлаумен болды.
Әкей тіршілігінде бес уақыт намазын үзбей өтті. Отыз күн оразада ауыз бекітіп, зекетін беріп, қолдағы баққан малынан құрбан шалатын. Бізге «өтірік айтпа, кісі ақысын жеме. Қолыңнан келсе жақсы іс жасап, алғыс ал. Өзіңді өзгелерден биік санама. Үлкен-кішіге мейірімді, кешірімді бол» деп ақыл айтып отыратын.
Кезінде Ащысай кенішінде директор болған, ұлты орыс Логинов деген азаматтың әділдігін, Ашамаев сынды поселкелік Кеңес атқару комитеті төрағасының елге деген адал қызметін аузынан тастамайтын. Оңашада ойға батып, аздап домбыра шертетіні бар-тұғын. Әшейінде, көп сөйлемейтін ол көңіл қошы келгенде бірге істеген жұмысшы-шахтерлер, сол кездері КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Тәттігүл Досжанова, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланған Бейсенбай Шынәлиевті еске алып отырушы еді. Айтқандайын, сол Бейсекеңнің Қоныс деген баласы менімен мектепте бір класта оқыды. Аттары аталған сол еңбек озаттары жөнінде Желеу Жақыпов деген жерлес айтыс ақыны бір облыстық ақындар айтысында «Депутатым Мәскеуге Досжанова, Сынық мінез, кең пейіл дос-жарына», «Шынәлиевім депутат астанаға, Қамқоршы ана менен жас балаға» дегенін де кезінде әкейдің аузынан естіген едім. Осы өлең жолдары әлі күнге дейін ұмытылмай, есте қалыпты. Жастықта естіген сөз жадыңда қалады екен ғой.
Әулеттің үлкені әрі сөз ұстары болған ол кісіге әр түрлі тіршілік түйткілдерімен келіп тұрушылар аз болмайтын. Сондай кісілердің бірі әлі күнге дейін есімде. Бірде бір көкеміз келіп әлдебір туысын жамандап, үстінен шағым айтты. Сонда әкей «сенің туысың жаман екен деп біреу саған жақсысын бере ме?! Бауырың емес пе, білген ақылыңды айтып, бауырыңа тартпаймысың. Оны істемесең білгендігің, үлкендігің қайсы?» деп әлгіні сабасына түсірді. Зілмен емес, жаймен айтып, өмір мәнін ұқтырды. Кейіннен сол туыстардың түсінісіп, тіл табысып кеткендерін естідік.
Әкей ағайын-туыстарға өте бауырмал еді. Мына бір жайды Қыпшақбай мен Бейсенбек жиендер жиі айтып отыратын. Сонау алпысыншы жылдары болса керек. Шолаққорғанда тұратын Сұлужан әпкесі қайтыс болып, әкеміз бір топ ағайындарымен жолға шығады. Қыс ауасы, қар қалың жауған. Екі аралық 40 шақырымдай жер. Күнгей мен теріскейдің шекарасы іспеттес Шайхана деген жерге әрең деп жеткенде әрі қарай жүруге мүмкіндік болмайды. Тау арасындағы тасжолды суырсын қар басып қалған. Сол жерден қалған ағайын кері қайтады да әкем «менің жаным бауырым Сұлужаннан артық емес» деп тартып отырады. Ол кезде Ащысай мен Шолаққорғанның арасында көлік сирек қатынайды. Оның үстіне тау арасындағы жол да қауіпті, жабайы аң-құс деген жетіп-артылады. Соған қарамастан жанын шүберекке түйіп, жан бауыры үшін бәйгеге басын тіккен ғой жарықтық. Кім бүгінде мұндай жағдайда басын бәйгеге тіге қояды дейсіз. Әй, қайдам-ау…
Орынды жерінде тауып айтқанымен қоймай, әзіл-қалжыңға да ұста-тын. Жиендерімен қалжыңдасуға пейіл еді. Жиен қыздардың үлкені Сәрсенкүл осы Шымқалада тұрды, марқұм өте бауырмал жан болатын. Сол кісі әкей қаладағы ұлы Өсекеңнің үйіне келген бір жолы нағашысын шақырып, қонақ қылып күтеді. Алдыға шығып айта кетейін, әкеміздің жездесі Жұмақ көкеміз аласа бойлы жуас кісі болатын. Болса да қайын жездесімен ойнай береді ғой. Жатарда қымызын беріп, төсегін қалың етіп салып, үстіне көрпесін жауып жиен қыз шығып кетеді. Әкей бойы ұзын кісі еді, аяғын созса көрпеден шығып кетеді. Қайнылығы есіне түсіп кетсе керек, жиен әпкемізді шақырып алып, «Сәрсенкүл, мына көрпені Жұмаққа шақтап тіккенсің бе?» деген көрінеді. Нағашым мені қатырды деп Сәрсенкүл жиеніміз соны көпке дейін күліп айтып жүрді.
Өмір бойы қара жұмыс істеген жан «еңбектің қадірін біліңдер» дейтін. Өле-өлгенше есік алдындағы бақшаның шөбін шауып, ұсақ малдарға өзі қарады. Апта сайын базарға барып, жылқышы құрдасы Қиясбек көкенің бал татыған қымызын ішіп, өзі құралпы шалдармен әңгіме-дүкен құрып қайтатын.
Жоғарыда айтқанымдай, әкенің орны қашанда бөлек, тұғыры биік қой. Тағдырдың қандай сынына да қарсы тұрып, ұрпағының бақыты үшін өмір майданында күреске түскен, еңбекқорлық пен қарапайымдылықтың үлгісін көрсете білген ардақты, абзал жанды қалай ұмытайық?! Алланың сыйы – біраз немереге ата болсам да сіз жайлы жазғанда өзімді сол баяғы сары баладай сезіндім. Іштей рухыңызбен тілдестім. Жаныңыз жәннатта болып, пейіште рухыңыз шалқысын, жан әке!
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ
