
Қазіргі таңда барлық білім беру орындарында өткізілетін «Соңғы қоңырау» салтанатынан кейін мектеп бітіруші түлектердің автошеру ұйымдастырып, көлікпен жарысуды дәстүрге айналдырып барады. Бұл тек жолдағы кедергілерге ғана емес, жол қозғалысына қатысушы басқа да тұлғалардың қауіпсіздігіне кері ықпал етіп, жол көлік оқиғасының көбеюіне себеп болып отыр. Осы және басқа да кәмелет жасына толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында жоспарлы комиссия отырысы өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Е.Ормановтың төрағалығымен өткен аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мәжілісіне мектеп директорлары мен комиссия мүшелері қатысты. Кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу және олардың жолын кесу бойынша аудандық полиция бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры А.Сарсенбаева баяндама жасады. Сонымен қатар, аудандық орталық аурухана басшысының ана мен бала денсаулығын қорғау ісі жөніндегі орынбасары З.Утегенова кәмелетке толмағандар арасындағы ерте жүктілік және аутодеструктивті мінез-құлықтар орын алған оқиғаларға талдау жүргізді. Жаз айларында кәмелетке толмағандар арасында суға кету жағдайларының алдын алу бойынша аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарының атқарылып жатқан жұмыстары тыңдалып, оқу жылының аяқталуы кезеңінде «соңғы қоңырау» салтанаты өткізілуі мен оқушылардың қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар талқыланды.
Түлкібас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
