
Бүгін мәдениет үйінде «Бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігі» атты ата-аналар жиналысы болып өтті.
Жиынға аудан әкімінің орынбасары Қыдыр Сейітқұл, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Шұға Нурабаева, аудандық «Әкелер мектебінің» төрағасы Лесбек Жүсіп, аудандық ата-аналар комитетінің төрайымы Шәркүл Әзімбаева, аудандық полиция бөлімінің “Жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқықбұзушылық оқиғалары және ата-ана жауапкершілігі» бөлімінің және «Жазғы демалыс кезіндегі оқушылырдың қауіпсіздік шараларын сақтауы және түрлі төтенше жағдайлардың алдын алу» бойынша төтенше жағдайлар бөлімінің өкілдері, ата-аналар, мектеп директорлары, мектептердегі тәрбие завучтері, қоғамдық ұйым өкілдері қатысып, оқу жылының аяқталуы мен соңғы қоңырау аясында бірқатар мәселелерді талқыланды.
— Жалпы, елімізде білім саласын қолдау үшін, мұғалімдерге балаларға сапалы білім мен тәрбие беру үшін тиісті мақсат пен міндеттер қойылып отыр. Ұлттық құндылықтарды дамыту бойынша жастарға, білім саласынағы мамандарға тапсырмалар беріліп, үндеу жасалынып келеді. Ұлттық құндылықтарды балабақшаның табалдырығынан бастап, мектепте жалғастырып, жас ұрпақтың бойына сіңіруіміз керек. Осыған орай, бүгінгі жиында оқу жылының аяқталуы және соңғы қоңырау мәселелері, кәмелетке толмағандар арасындағы келеңсіз жайлардың алдын алу, жазғы демалыс кезіндегі оқушылардың қауіпсіздік шараларын сақтауы мен түрлі төтенше жағдайлардың алдын алуға орай ұйымдастырылып отыр, — деді аудан әкімінің орынбасары.
Жиын соңында аудандық адами әлеуетті дамыту бөлім басшысы Шұға Нурабаева сөз алып, жиында айтылған өзекті мәселелер бойынша бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
