Бүгін аудан әкімі Арман Абдуллаев Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай қоғам өміріне белсене араласып жүрген бір топ ардақты аналар мен қызметте жетістіктерімен көрінген ауданның қыз-келіншектерін қабылдап, құрмет керсетті.
– Қашанда қоғамымызда әйел тек отбасының береке-бірлігін ойлайтын тұлға ғана емес, ол сан түрлі мәселелерге де белсене араласатын қоғам мүшесі. Бүгінгі қазақ әйелі – өзінің табиғи болмысына сай, отбасына адал, қоғамның барлық саласында қызмет атқара алатын білімді, білікті, іскер әйел. Ол дүниеге әкелген перзенттеріне тәлім-тәрбие беру жолында жан жылуымен жүректегі мейірімін аяған емес. Балалар біздің болашағымыз десек, аналарымыз сол жасұрпақтың бойына адалдық, шыншылдық, адамгершілік, имандылық пен отансүйгіштік деген асыл қасиеттерді дарытып жүр. Ауданымызда өмірге ұрпақ әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіруде үлгі-өнеге болып жүрген алтын құрсақты аналар жеткілікті. Осы жылдар ішіндегі еліміздің толағай табыстары мен ауданымыздың қол жеткен жетістіктерінің барлығында бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен әйелдер қауымының өз қолтаңбасы бар. Сіздерді жер-дүние күн шуағына бөленетін көктемнің көрікті мерекесімен құттықтаймын,- деді өз сөзінде аудан әкімі.
Қабылдау барысында, ардақты аналарға, қыз-келіншектерге аудан әкімі алғыс хат пен гүл шоқтарын табыстап, естелік суретке түсті. Мерекелік құттықтау соңында аудан өнерпаздары нәзік жандыларға әсем ән тарту етті.
