
Еліміздегі атымен де, затымен де елеулі Түркістан шаһары бір кезде тарихи қала ретінде әлемге белгілі болса, бүгінде Түркістан облысының орталығына айналып, заманауи даму жолына түскен кент ретінде өзге елдердің де назарына ілініп отыр. Демек, Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы қол жеткен табыстарының бірі де – жаңа Түркістан. Еліміздің оңтүстігінде жазық далаға орналасқан Түркістан қаласы қолайлы географиялық аймағында болғандықтын мұнда халық ежелден отырықшы тұрмыс салтын ұстанады. Ал облыс орталығы мәртебесін алғаннан бері бұл қалада тұрғын үйлер көптеп салынып, көшіп келушілердің саны жылдан-жылға артып келеді. Салыстыру үшін айтсақ, 2018 жылы Түркістан облысы халқының саны 1 983 969 адам болса, 4 жылдың ішінде ол 285 216 адамға көбейіп, жалпы 2 269 185 адамға жеткен, оның ішінде Түркістан қаласында қазір 221 102 адам тұрады. Алдағы уақытта бұдан да көбейе түсетіні анық.
Халықтың саны өскен сайын тұрғындар тарапынан көптеген мәселелер мен сұрақтар туындайды, яғни өсім бар жерде, өзекті мәселелер де болып жатады. Сондықтан аталған мәселелерді дер кезінде шешу облыс басшысының басты міндеті болмақ.
Кейінгі жылдарға қарасақ, қаланың жан-жақты дамуында бірқатар нәтижелердің оң үрдісі байқалады. Атап айтқанда, биылға келіп Түркістан қаласында 12 088 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері 268,8 млрд. теңгенің өнімін өндіріп, бюджетке төленген салық көлемі 8,1 млрд теңгеге жеткен.
Облыстағы Turkistan арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарында жалпы құны 553,6 миллиард теңге болатын 80 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.
2025 жылға дейін маңызды жобаларды іске асыру нәтижесінде өңір экономикасына 2 триллион теңгеден астам инвестиция бағытталатын болады.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 322,9 млрд теңгеге жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда 4,1 пайызға артқан. Енді 2025 жылға дейін құрылыс жұмыстарының көлемін 439,3 млрд теңгеге жеткізу көзделуде.
Жалпы, соңғы үш жылда Түркістан қаласында 536 жоба іске асып, оның 251-і пайдалануға тапсырылған.
Халықты баспанамен қамтамасыз ету ең басты қажеттіліктің бірі десек, Түркістан қаласында 4 жылда жалпы 337 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр (15 411 пәтер, 1 001,1 мың шаршы метр). 2019-2021 жылдары 113 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді (5 433 пәтер, 342,9 мың шаршы метр).
Бүгінде жаңа қаланы ауызсумен қамтамасыз ету де жақсы жолға қойылып келеді. Нақтырақ айтсақ, Түркістан қаласында ауызсу құбырларын қайта жаңғырту мақсатында бірнеше нысанның құрылыс жұмыстары (7-шағынаудан, Хлопзавод, Ремзавод, бірінші және екінші Яссы-Шавғар, Теміржол) қатар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, қосымша 7 500 жеке тұрғын сапалы ауызсу құбырымен қамтылатын болады.
Кәріз жүйесімен 30,5 пайызға қамтылған. Оның аумағын қамтамасыз ету мақсатында осы жылы 6 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. 2 нысан құрылысы жыл соңына дейін аяқталады.
Электрмен қамту мақсатында 2021жылы 32 000 тұрғыны бар 40 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылса, 2022 жылы қосымша 38 300 тұрғыны бар 10 елді мекен сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.
Түркістан қаласы аумағы 98,5 пайыз электр қуатымен қамтамасыз етілген, оның 84 пайызы сапалы электр қуатымен.
Биыл 3 нысанның құрылысын аяқтап, қамту көрсеткішін 99 пайызға жеткізу көзделіп отыр.
