
Кентау өнеркәсіптік қала. Сондықтан өндірісті өркендету үшін инвестиция тарту маңызды. Бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, халықты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қалада шағын кәсіпті дамыту да маңызды шаруа. Кентау қаласының әкімі 9 айда атқарылған жұмыстары жөнінде журналистерге берген баспасөз брифингінде қаланың бүгінгі даму көрсеткіштері жөнінде ақпарат берді.
Кентау қаласында халық саны құрамындағы 4 ауылдық округтің тұрғындарын қосқанда 103 мыңнан асады. Оның ішінде экономикалық белсенді азаматтар саны 40 мыңға жуық. Қазір қала аумағында жұмыссыздар тізімінде тұрғандар саны 2168 адам.
Жыл басында Кентауға 17,5 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Қазір қала экономикасына салынатын қаржы көлемі 22,3 млрд.теңге болды. Жоспар 127% орындалды. Жыл басынан бері кеншілер қаласында 21,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осылайша жоспар 157% орындалды.
Қазір Кентауда кәсіпкерлік саласы дамып келеді. Бүгінде қалада 5061 шағын және орта бизнес өкілдері жұмыс істеуде. Жыл басынан бері 600-ден астам жаңа жұмыс орыны ашылған. 157 азамат әлеуметтік жұмыспен қамтылған.
