
Бәйдібек ауданы Боралдай тауының етегінде орналасқан Тұттыбұлақ үңгірінің сыры көп. Ғажайып мекенге саяхат бірге жасайық. Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қорғау аймағындағы Боралдай тауының Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде 48 000 жыл бұрынғы тіршілік анықталды.Үңгірден алынған топырақ пен күл қалдықтарын бұған дейін ғалымдар 41 000 жыл деп топшыласа, Германияда жүргізілген зертханалық сараптама нәтижесінде 48 000 жылдық тарихы нақтыланды. Бұл көрсеткіш әлемдік сенсациялық жаңалық, әрі қазақ археологтарының нағыз ғылыми жетістігі деуге болады. Оған себеп, ерте дәуірдегі топырақ қалдықтарының жасын цифрландыру тәжірибесі әлемде ең алғаш рет жүзеге асып отыр. Ғылыми жаңалықтың нәтижесіне қол жеткізу бір жыл бойы жүргізілді.Сондай-ақ, бұған дейін Тұттыбұлақ үңгірінде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары барысында тас құралдары мен қырғыштар, адамның жақ сүйегі табылған болатын. Жақ сүйек алғашқы адам болуы да мүмкін. Биылғы зерттеу нәтижесінде алғашқы қауымдық құрылысқа тән адамның бас сүйек бөліктері, оның ішінде азу тісі және аюдың тісі мен өзге де аңдардың қаңқа қалдықтары анықталған. Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Қырғызәлиев тарихи-киелі орындарға бай ауданның туристік бағыты алдағы уақытта тағы да бір жаңа орынмен толығатынына сенім білдірді. Айта кетейік,ҚР Ұлттық музейі мен Тюбинген университетінің археолог мамандарынан жасақталған экспедиция Қазақстан аумағындағы палеолит ескерткіштерін іздестіру, зерттеу жұмыстарын Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шығыс Қазақстанда жалғастырады.
