
Рухани шаһарда жасыл алаңда Журналистер қауымы бас қосты. Түркістан қаласының «Құрметті азаматы”, Түркістан газетінің бас редакторы болған Тұрабай Мырзахметовтің 100 жылдығына орай БАҚ өкілдері арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырылды. «Түркістан» газетінің жүлдесі үшін өткен спорттық турнир сәтті өтті. Жасыл алаңда — журналистер жан салмады.»Түркістан» газеті 1930 жылдан 4 қазанан бастап Қызыл Түркістан деген атаумен жарыққа шыққан. Осы уақыт аралығында 20-ға жуық редактор басқарған. Өткен ғасырдың 1980 жылдары қазақша күрестен, 2000 жылдары бұл басылымның жүлдесі үшін шағын футболдан жарыстар ұйымдастырылған. Араға көп жылдар салып мұндай игі бастама қайта қолға алынды. Бұл доп додасы Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Түркістан қаласының «Құрметті азаматы” Тұрабай Мырзахметовтың 100 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр. Тұрабай Мырзахметов “Қызыл Түркістан”, “Коммунистік еңбек”, “Коммунистик мехнат” газеттерін 30 жылға жуық басқарған.
Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Қайрат» спорт кешенінде өткен доп додасына «Түркістан» телеарнасы, «Өнер», «Тұран БАҚ», «Өзіміздің жігіттер» командалары бақ сынасты. Жасыл алаңда барын салған журналистер өзара жеңімпазды анықтады.
Тартысқа толы жарыс қорытындысы бойынша «Түркістан» телеарнасы бірінші орынды иеленсе, «Тұран БАҚ» командасы жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінді. Ал, үшінші орынды жергілікті жас журналистерден құралған «Өзіміздің жігіттер» құрамасы қанжығалады.
Доп додасының жабылу салтанатында жиналғандар «Түркістан» қалалық газетінің ұжымына өз алғыстарын жеткізді. Жүлдегер командалар Түркістан қаласы әкімінің Алғыс хатымен, медальдар, кубоктармен ұйымдастырушылар тарапынан қаржылай сыйлықпен марапатталды. Бұдан бөлек үздік өнер көрсеткен ойыншыларға да бірнеше аталымдар бойынша қаржылай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ, «Түркістан» газетінің ұжымы «Аmanat» партиясы Түркістан қалалық филиалының Алғыс хатымен марапатталды. Айта кетейік, «Түркістан” қалалық газетінің жүлдесіне арналған бұл турнир алдағы уақытта дәстүрлі түрде өткізілетін болады.
