
Түркістанда құрылыс саласының бәсі бөлек. Өйткені қаладағы қарқынды жұмыстардың бірі бұл. Қазіргі таңда көпқабатты пәтерлердің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Көпқабатты үйлер кредиттік жүйемен сатылса, сондай-ақ кезектегі отбасыларға үлестірілмек. Пайдалануға берілген пәтер саны өткен жылмен салыстырғанда екі есе артқанын айта кету керек. Қалада тұрғын үй кезегінде тұрғандар да аз емес. Бұл өзекті мәселенің бірі екені рас. Дегенмен, осынау мәселе де біртіндеп өз шешімін тауып келеді.
Сонау бір кездері Түркістан қаласында табиғи газ деген мүлдем болмаған. Бүгінде мұның шешімі де табылып, газдандыру шаралары кезек күттірмей, қарқынды жүріп жатқаны үлкен жетістіктің бірі десек те болады. Бүгінде көгілдір отынмен қамтылу көрсеткіші 91 пайызды құрап отыр. Енді биыл жаңадан қоныстанған, жер құжаттарын енді ғана заңдастырған 380 тұрғын үйге табиғи газ тарту шаралары жүруде. Тұрғындарды сапалы электр энегриясымен қамту да кезек күттірмейтін мәселенің бірі.
Айта кетейік, шаһардың аумағы кеңейіп, халықтың саны бірнеше есеге көбейген сайын инфрақұрылым мәселесінің де күрделене беретіні анық. Соған қарамастан жергілікті билік уақыт ағымынан қалмай осынау шараларды да жіті бақылауында ұстап келеді. Бүгінде қаланың таза сумен қамтылуы 98 пайызды құрап отыр. Келер жылы 5 нысанның құрылыс жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. Ал қазір Кентау қаласындағы Біресек су кен орнынан 600 диаметрлік құбырмен сағатына 1 590 текше метр және Мырғалымсай ескі кен орнынан 800 диаметрлік құбырымен сағатына 3 200 текше метр мүмкіндігімен қарастырылып жатыр. Бұдан бөлек, жаз айларында Түркістан-Су мекемесінің меншігіндегі 21 су ұңғымасы арқылы және Арыс теміржолы ЖШС-нің меншігіндегі 14 су ұңғымасы арқылы қала ауыз сумен қамтамасыз етілуде.
Сонымен қатар қалаға сапалы жылу беру үшін тозығы жеткен нысандарды кезең-кезеңмен ауыстыру жоспарланған.
