
Жастық шақ. Бұл – адам баласының ересек өмірге көшу кезеңі, экономикалық-қаржылық тәуелсіздікке ұмтылу мен әлеуметтік-саяси мәселелерге қатысуға барынша ынталы дәуірі. Мұндай ынта жеке адам мен қоғам үшін ғана маңызды емес, сол елдің дамуы мен елдегі жастар саясатын қалыптастыруда да өзекті. Ел ертеңі мен ұлт тағдырына қатысты сондай басым бағыттардың бірі – елдің ертеңгі егесі, ұлттың болашағы, мемлекеттің арқа сүйер тірегі жастарды қолдау саясаты. Президент Қ.Тоқаев өз қызметіне кіріскелі бері елдегі жас буынға ерекше көңіл бөлді. Елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру іс-шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі көрсетуі мен өз армандарын жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде кешенді саясат жасала бастады. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мемлекет басшысы ретінде жастардың тағдыры мен болашағына елдегі белгілі әлеуметтік топ ретінде ғана емес, оларға елдің болашағы, ұлттың тағдыры, елдің ертеңгі егесі ретінде қарап, саналы және стратегиялық тұрғыдан ерекше мән беріп отырғанын аңғару қиын емес. «Жастар саясатында, жастар тәрбиесінде науқаншылдыққа, тиімділігі төмен шараларды ұйымдастыруға жол бермеу керек. Сондықтан кез келген шараны ғылыми негізге сүйеніп, жүйелі түрде жүзеге асырғанымыз жөн. Жастардың алға қойған мақсат-мүдделерін білу үшін науқаншылдық емес, нақты зерттеулер қажет. Жүйелі әрі кешенді әлеуметтік зерттеу жүргізу арқылы жастардың мұң-мұқтажын, мақсат-мүдделерін анықтап, жастар саясатын сол қажеттіліктерге жауап беретін деңгейде ұйымдастыру маңызды. Біз жастарға білім беруді алдыңғы қатарға қоямыз. Тек білім ғана емес, отансүйгіштік рухта тәрбиелеу ісін де басты назарда ұстау керек» деген жолдар сөзімізге дәлел. Жастар саясатын науқаншылдыққа, жеңіл-желпі шоуға айналдырмай, зерделеп барып жүргізуді талап етуі оның жастар жөніндегі тұғырнамасының саяси салмағын аңғартса керек.
Президент Қ.Тоқаев жастар саясаты туралы әсте құр сөзбен шектеліп қалған жоқ. 2019 жылдың 12 маусымы күні сайланғанына аса көп уақыт бола қоймаған Қазақстанның жаңа басшысы жастардың президенттік кадрлық резерві жасақталатыны туралы: «Жас ұрпаққа арнайы айтатын сөзім бар. Сіздер Қазақстанның даму жолында шешуші рөл атқарасыздар. Прогрестің қозғаушы күші боласыздар. Сіздер ең үлкен армандарыңызды іске асыруларыңыз қажет. Оған қолдау көрсету – менің басты міндетім. Жас әрі дарынды басшыларды мемлекеттік қызметтің барлық деңгейінде жоғарылату мақсатында президенттік кадрлық резерв жасақталады. Біздің жастарымыз еңбекқор, креативті, өз мақсатына жетуді біледі. Сондықтан Қазақстанның болашағы сенімді қолда» деп мәлімдеді. Аталған ой-жоспарын жыл айналмай жүзеге асырған Мемлекет басшысы 2020 жылдың 15 қаңтары күні Ақордада президенттік кадр резервіне енген 300 жаспен кездескен болатын.
Президенттік жастар кадр резервіне тіркеу жұмысы өткен жылы қыркүйек айында басталған еді. Жобаның стратегиялық мақсаты – тиімді менеджерлердің жаңа толқынын қалыптастыру, еліміздің жаңа буыны үшін пәрменді әлеуметтік лифтілер жүйесін құру. Іріктеу нәтижелері бойынша пулға жаңа формацияның басқарушылары болуға қабілетті, талантты, креативті жастар таңдалып алынған.
Президент бастамасына алғашында 13 мыңнан астам қазақстандық қатысуға ниет білдірген. Бұның өзі біздің жастарымыздың Президент бастамасына деген қолдауы мен саяси белсенділіктерінің айқын дәлелі. Қатысушыларға отыз бес жастан аспаған, жоғары білімі және бес жылдан кем емес еңбек өтілі бар Қазақстан азаматы болуы тиіс деген талаптар қойылған.
«Еліміздің алдында биік мақсаттар тұр. Ең алдымен, мемлекетімізді одан әрі өркендетіп, тәуелсіздігімізді нығайтуымыз керек. Сондай-ақ азаматтардың әл-ауқатын арттырып, тұрмыс сапасын жақсартуымыз қажет. Билік пен халық арасындағы өзара сенімді күшейту – маңызды міндет.Осыған орай «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қолға алынды. Мемлекетті басқару жүйесін жаңғырту мақсатымен ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Мұның бәрі жаңа кезеңге қадам басқан Қазақстанның игілігі үшін жасалып отыр».
