Воскресенье, 19 апреля, 2026

«Камардиннің орны ойсырап тұр»

Редакция таңдауы

Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде

  Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры Түркістан облысы Созақ ауданындағы Баба Түкті Шашты Әзиз кесенесін толық қайта жаңғырту жобасын іске...

ТҮРКІСТАНДА АКВАТУРИЗМ ДАМЫТЫЛЫП, ЗАМАНАУИ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ КЛАСТЕРІ ҚҰРЫЛАДЫ

Түркістан облысында акватуризм мен заманауи балық шаруашылығын дамыту бойынша маңызды жобалар жүзеге асырылмақ. Осы орайда облыс әкімі Нұралхан Көшеров...

Барреліне 120 доллар: Мұнай бағасы соңғы 4 жылдағы рекордты жаңартты

ОПЕК+ ұйымына мүше елдер мұнай өндіру көлемін ұлғайту мәселесін қарастырып жатыр. 5 сәуірде өтетін кездесуде 8 мемлекет өндіріс квотасын...

Елімізде 4 мыңнан астам қоғамдық құрылым этносаралық қатынастарды нығайтуға үлес қосып келеді

Бүгінде Қазақстанда 100-ден астам этнос өкілдері тұрады. Ел аумағында 1000-нан астам этномәдени бірлестік пен 4000-нан астам қоғамдық құрылым жұмыс...

Жырсүйер қауымға есімі кеңінен таныс Камардин Бектұросыновтың шаңырағына арнайы барып Назгүл апамызбен сұхбаттасқан едік. Арқалы ақынмен 55 жыл бір шаңырақтың астында ғұмыр кешкен апамыздың жұбайы жайлы айтары көп екен. Сондай-ақ, елге танымал адамға жар болудың да қызығы мен қиыншылығы болатынын сөз етті.

– Ақынның жары болу үлкен жауапкершілік. Оның жағдайын жасап, абыройына көлеңке түсірмей жүру де оңай емес. Жұмыр басты пенде болған соң, барлық адам баласына тән қасиеттер оларда да бар. Сондай жанның жақсысын асырып, жаманын жасырып отыру біздің міндетіміз, – дейді Назгүл Зәкірия. 

 

– Қамардин ақынмен қалай таныстыңыз?

– Мен Алматы қаласының жанындағы Ұзынағашта мектеп бітірдім. Әкем Қызайбай – филиолог, мектеп директорының орынбасары еді. Жеті ағайындымыз. 1962 жылы анам Күлсағат дүниеден өткенде ең кішкентай сіңлім Әлия жасынан енді асқан. Мен үй тірлігіне ерте бейімделдім, тамақты өте дәмді істейтін едім. Қамардинге қосылғаннан кейін алғаш рет лағман созғанда дәмін татқандар таңқалған. Бірақ, әкеміз мал ұстамайтын. Жалғыз жалақысын жырымдап жүріп барлығымызды жеткізді.

Анамның көзі кеткен соң, бес жылдан кейін әкеміз Ырысқан апамызбен бас қосты. Ол кісі өте жақсы адам болып келді. Барлығымыз оны «апа» деп кеттік. 1966 жылы техникумды бітіріп, Бурабайға демалып, ем қабылдап қайтуға барғанмын. Қамардинмен сол жақта таныстық. Ол кезде 20 жаста едім. Қамардинмен көңіл жарастырып жүріп Оңтүстікке келін болып түстім. Құдайға шүкір, 55 жыл өмір сүріп, 3 қыз, 4 бала сүйдік. Қамардин алғашқы немерелерін көріп, 66 жасында жүректен қайтты.

– Келіншектің келген жылы есінде дейді. Бұл жақтың заңына үйрену қиын болған жоқ па?

– Алғашқы жылдары небір қызықты жағдайлар болды. Шымкенттің тілдік құрылымы мен сөйлеу мәнерінде өзгешелік бар екен. Мәселен, бауырсақты бұл жақта «тоқаш» дейді екен. Бір жолы тоқаш пісіріп жатқанбыз, енем «наншәуліні алып келші» деді. Ондай сөзді өмірімде естіп көрмегенмін, аңырап тұрмын, енем «ау болсаңшы, май күйіп бара жатыр» дейді. Қамардин кереуетте газет оқып жатқан, жанына барып «наншәулі деген не?» деп сұрадым. Сөйтсем кәдімгі кәкпір екен ғой.

Бірде келімдәріге деп жұмсады, тағы да аңырап тұрған едім қайынсіңлім Қарлығаш артымнан жүгіріп келіп: «жеңеше, келімдәріге деген мынау» деп көрсетті. Көбіне қайынсіңлім Қарлығаш қасымда «аудармашы» болып жүретін. Бір жолы атам шаппаны алып келші дегенде «ол не нәрсе?» деп енемнен сұрадым, сөйтсем бәкі екен.

Әлгінде айттым ғой, әкем мал ұстаған жоқ. Ал, қайынатам тек қойдың сүтін ішеді екен. Бір жолы апам Қызылкөпірге қыдырып кеткен. Атам «келін қой сауа аласың ба?» деп сұрады. Мен «сауа алмаймын» деді. «Жүр саған үйретейін» деп атам екеуміз қораға келдік. Қалай отыру керегін, желінді қалай тарту керектігін айтып, қойдың басын ұстап тұрды. Мен біраз әрекет жасап көрдім, құмалақтан басқа ештеңе түспеді. Атам ренішін жасыра алмай «қап, кемпірді бекер жіберіппін. Өзің болмағыр келін екенсің» деп салды. Сол сөз қатты тиді. Таңертең күн шығар-шықпастан қораға барып, кешегі қойды ұстап өзімді қинап отырып шелектің түбі жабылардай сүт алдым. Оған сиырдың сүтін арластырып атама пісіріп бердім. Кейін енем келген соң атамның сөзін айтып, ренішімді жасыра алмай біраз шағындым. Сөйтсем енем қой мен сиырдың сүтін араластырып бергенімді естіп, «осы үйге келін болған пәлен жылымда сондай қулық миыма да кірмепті» деп күледі.

Айта кетейін, мен ешкімге ат тергеп, сәлем де салған емеспін. Атам Бектұрсын марқұм «бар пейіліңмен сыйласаң болды, сәлемің сол болсын» деп ризашылығын берді. Енем Қатша марқұм мені Айым деп еркелетті. Ол кісілер ауылға беделді, абыройлы кісілер еді. Атам Құранды тікелей қазақшаға аударып отыратын. Ел-жұрты ақсақал дейтін. Өзі сұсты кісі еді, бірақ, үйден адам үзілмейтін. Таңертең алтыдан бастап сары самаурын қайнап тұрады. Оны ішсін, ішпесін самаурынның қайнап тұруы жазылмаған заңдылық болатын.

Енем 13 құрсақ көтерген екен. Сол 13-тен Қамардин мен Қарлығаш қана қалыпты. «Қамардин атадан қалған жалғыз тұяқ. Соның тілеуін тілеп отырмыз, қарағым» деді енем маған алғаш келін болып түскенде. Кейде майшамның жарығымен өте мұңлы, зарлы әуенді ыңылдап отырады. Кейін аңғарсам ерте кеткен бейкүнә перзенттерін, әрқайсысының неден өлгенін айтып, қайғысын жырға қосып отырады екен.

Ол кезде жаспыз ғой, мен Алматыны аңсаймын. Бірақ, Камардин: «Менің алдымда ағам, артымда інім жоқ, жалғызбын. Әке-шешемді тастап кетпеймін» деп кесіп айтты. Солай өмір сүрдік, қарағым.

– Көзкөргендер «Қамардин тік мінезді, кесіп айтатын ақын еді» деп жатады. Сол мінезінен теперіш көрген жоқсыз ба? 

– Иә, мінезі солай еді. Кейде: «Жұрттың көңіліне тиесің ғой. Осы мінезіңді қойсайшы» дейтін едім, сонда «Басымды кесіп алсаң да бұл мінезімді өзгерте алмаймын ғой» деуші еді. Тіпті, ауылдың жас келіншектері Камардин келе жатқанда жолдың арғы бетіне шығып кететін. Есігінің алдына күл төккен әйелді сұмдық ұнатпайтын. Көршілерге «Көшеміз кең болсын. Үйлеріңді әрірек салыңдар» деп жүретін. «Біреудің тірлігінде нең бар?» десем, «Кең болғаны өзімізге жақсы» дейтін. «Әйелдің жақсы, жаман екені ошағының басынан білінеді» деп отыратын. Мен сол сөзін тура мағынасында түсініп, ошағымның айналасын сыпыра беретін едім. Ошақ басында ілулі тұратын сүлгі таза болмай қалса «жумаған ғой, бұл үйдің әйелі жумайды ғой» деп отқа тастай салатын.

Оның тәртібі темірдей еді. Әр зат орнында тұратын. Балаларға «әкең келе жатыр» деген бір ауыз сөз жеткілікті болатын.

Ол әркімдермен арпалысып жүріп ауылға жол, тротуар, мешіт салдырып, автобус жүргізіп, көшелердің қазақша аталуына атсалысты. Өзі тез ашуланып, көп сөйлеп кететін, бірақ, қайтымы тез. Тікмінезділігі ғой, алғашқы баламыз туғанда атам марқұм есімін қоюға дайындалып отырса «Әркім өз баласының атын өзі қойсын» деп баламыздың есімін Азамат деп қойды. Кейбір мінезі жүдә қызық еді. Ең кішкентай баламды 1987 жылы 40 жасымда босандым. Ол кезде Камардин елуде еді. Сонда маған айтқаны: «Қырыққа келіп туамын, екіқабатпын дегенің не? Өзіңде ұят жоқ екен. Бұл баланың атын АР-ҰЯТ деп қоямын. Бұдан кейін туатын болсаң Абырой деп қоямын» дейді. Мен: «Мұның ұрпағын көбейтіп жүрсем айтып отырғаны мынау» деп ренжіп, ашуланамын. Кейін өзі қайтқаннан кейін дүниеге келген немересінің есімін Абырой деп қойдық.

– Әдетте талантты ақындар материалдық тапшылық көріп жатады. Сіздерде ондай жетіспеушілік болмады ма?

– Жоқ, жалпы Камардиннің әулеті жоқшылық көрмеген. Бектұрсын атамыз дәулетті кісі болған екен. Ашаршылық кезінде малын Жалпақтөбенің Шұбар деген қалың тоғайына тығып тастайды екен. Арыс өзенінің бойын жайлаған он екі байдың ауылы жаз шыға бар малын Қаратаудың бауырына айдап кетеді екен. Пысықтығымен, алғырлығымен, еңбекқорлығымен күн көрген әулет қой. Белсенділер алашапқын болып келгенімен, қалың жыңғыл мен тоғайды түгел аралап жүре алмайды. Бергі жағынан бірлі-жарым малын айдап кетеді екен. Солай барлық қиыншылықтан шығып отырған.

Сол молшылықта өскендіктен бе Камардин дүниеге қызықпады. Бірақ, ұл-қыздарын оқытып, жетілдіріп тұғырына қондырып кетті.

Оның бар байлығы кітап жинау еді. Әйел болғандықтан кейде «үйге жиһаз алайық» дейтінім бар-ды. Сонда «Менің барлық құнды дүнием кітап. Кітап менің атымды шығарады» деп отыратын. Шынында, кітаптарын ел оқиды. Соңындағы оқырмандары жыл сайын есіне алып тұрады.

Оның қолы ашық еді. Өзінің араламаған елі қалмады ғой. Көп саяхаттады. Қай жақтан келсе де көршілерге дейін базарлық алып келетін. Бір жолы Сауд Арабиясынан газовый орамал әкеліп, бүкіл көшеге таратқаны бар. Ол кезде ондай орамал қат болатын.

Ленинградқа бара жатқан сапарында маған: «Саған не әкеліп берейін?» деп сұрады. Сол жылдары «Может быт», «Быт может» деген иіссу болатын. Қалауым сол болды. Сол сапарында маған бес данасын алып келді. Оны қайінсіңілім тұрмысқа шыққанша сеуіп жүрдім. Қазір ондай иіссу табылмайды.

– Ауылда тұрып Алматыдағы ақын-жазушылармен араласып тұрды ма?

– Барлығымен дерлік жақсы араласты. Мұхтар Шаханов, Шәмші Қалдаяқов, Фариза Оңғарсыновамен жақын болды.

Шәмші үйге жиі келетін. Бір жолы Байтөбет деген күшігіміздің басын сипап отырып «мұның аты не?» деп сұрады. Содан кейін «Орыстар бір иттерін Мұхтар деп атапты. Біздің ұлы жазушымызды құрметтегені ғой. Бұл иттің аты Байтөбет емес, Иван болсын» деді.

Ал, Фаризамен жазысқан хаттары әлі сақталып тұр. Құрдас болған соң әзілдері де қатты еді. «Сені алайын десем мінезің шалдыр. Мен де жетісіп тұрған жоқпын. Екеуміз сәйкес келмейміз, қой, сені емес, жас қызды алайын деп айттым Фаризаға» деп отыратын.

– Саяхатқа көп шықты, үнемі елдің алдында, қыз-келіншектердің ортасында жүрді. Сізде қызғаныш болмады ма?

– Қызғаныш неге болмасын? Бірақ, қызғанышқа берілуге уақыт болмады. Мен 28 жыл есепші болып жұмыс істедім. Енем: «Камардин жалғыз бала ғой» деген соң, көп балалы болудан бас тартпадым. Қала берді мен небәрі 20 жастамын, ол 30-дан асып қалған. Мен оны емес, ол мені көбірек қызғанды десем болар. «Шетелге бұзылған әйелдер барады» деп ылғи жалғыз кетеді. 1970 жылдары Сауд Арабиясына барған сапарында түнгі клубты көріп: «Әйел-еркегі әлем-жәлем киініп, түсініксіз музыкаға таң атқанша билейді екен» деп келгені бар.

Өзі арақ ішті бірақ құлап, салынып ішпеді, нормасын білетін. Ал, маған мүлде ішкізбеді. Боянып, әдемі көйлек кигенімді қаламады. Ол әйелдің дауыстап күлгенін, арақ ішкенін ұнатпайтын. Өзі көкіректеу болды, онша-мұнша әйелге қарай қоймаушы еді.

Жалпы, ақынға әйел болу оңай емес деп жатады. Кез келген нәзікжандыға әйел болу оңай емес, тек шаңырақтың шайқалмауы ақылға, екеуара түсіністік пен сүйіспеншілікке байланысты. Махаббатсыз отбасы болмайды. Әйел адам өзі ұнатқан адамына қарсы келе алмайды. Оның барлық кемшілігі мен қателігін кешіруге дайын тұрады.

Кез келген отбасының өз құпиясы болады, оны сыртқа шығарып отыру әйелге жат қылық. Әуелде әкем Шымкенттің заңы қиын деп мені Камардинге қосқысы келмеді. Бірақ, өзім қалап тұрған соң көнді. Ал, мен оның барлық қылығы мен кемшілігіне көндім. Осылай 55 жыл өтіп кетіпті.

Бүгінде менің бір ғана «әттеген-айым» бар. Қайынсіңлім Қарлығаш тұрмыс құрып кеткен. Кейде отырып «әттеген-ай, тым құрыса бір абысыным болғанда ғой, сырласып отырар едім» деп ойлаймын. Құдайға шүкір, ағайын-туыссыз емеспін. Бірақ, бір туған абысының болғанға не жетсін?!

Бүгінде ұл-қыздарым орындарын тапқан, немерелерім ойнап жүр. Балаларым «қалаған жағыңызға барыңыз» деп алыс-жақын шетелдерге, Қазақстанның демалыс орындарына жолдама алып береді. Бұл күніме де шүкір деп отырған жайым бар, әйтсе де, Камардиннің орны ойсырап тұр.

– Әңгімеңізге рахмет.

Пернебай САПАР

Жаңалықтар тізбесі

Ботир Шахриёров: «Бұхараның Орталық Азия бойынша туристік потенциалы өте жоғары»

Түркітілдес журналистер қорының отандық БАҚ өкілдері үшін ұйымдастырған Ташкент-Самарқан-Бұхара сапары барысында Бұхара облысы әкімінің орынбасарымен сұхбаттасудың сәті түсті. Қарапайым,...

Орду қаласында ерекше музей бар

Орталық Қаратеңіздің туристік қаласы Орду. Мұнда Қаратеңіздің ең ұзын жағалауы бар. Орду қаласы VIII ғасырда Котиора атауымен, Қара теңіздің жанында...

Түркістандық түлектер мұқтаж отбасыларға 6 баспана сыйға тартты

Түркістан облысында әр жылдары мектеп бітірген түлектердің білім ордаларындағы соңғы қоңырау қарсаңында қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмектесуі, өз ауылының...

«9-20-25»: Елімізде жас отбасыларға арналған жаңа бағдарлама іске қосылады

Орталық коммуникациялар қызметінде «Отбасы» банкінің басшысы Ләззат Ибрагимова жас отбасыларға арналған «9-20-25» бағдарламасын іске қосу мүмкіндігі туралы айтты. «Astana TV»...

Тәуелсіздік мерекесіне байланысты спорттық іс-шара ұйымдастырылды

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, «Nur Otan» партиясының, «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру...

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жазасы қатаңдатылады

Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында халықты жұмыспен қамту шаралары қаралды. Мұнымен қатар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі...

Сайрамдағы жүйелі жұмыстардың жемісі

«Елу жылда – ел жаңа» деген көреген сөз біздің сүйікті Түркістан облысының қазіргі жағдайына дөп басып айтылған іспетті. Өйткені,жаңадан...

Бала тәрбиесіне байланысты ата-аналармен жиын өтті

Бүгін аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылық және оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша...

Сарыағаш ауданының жастар форумы өтті

Ағымдағы жылдың 22 қыркүйек күні «Қауіпсіз қоғамдағы жастар келбеті» атты жастар арасында форум өтті. Форумға Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары А.Қозыбаев,...

Тағы да