
Бүгін аудандық «Мыңжылқы» мәдениет сарайында кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылық және оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша жиын өтті.
Жиынға ауыл, кент округ әкімдері, мектеп директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, педагог-психолог мамандар, ата-аналар және БАҚ өкілдері қатысты.
Аталған шараны аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов ашып, жүргізіп отырды.
Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Созақ ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Нұралы Айдаров, аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Ержан Нұрғазиев, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы Қайрат Әбдірахманұлы баяндама жасап, аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері, азаматтық қорғау лейтенанты Мағжан Өскен шомылу маусымы басталуына байланысты ата-аналарының бақылауынсыз кәмелетке толмаған балаларды тиым салынған жерлерге суға түсуге, таулы аймақтарға шығуға болмайтындығы жөнінде хабарлады. Бұл туралы арнайы дайындалған видероликтер көрсетіліп, жадынама парақшалары таратылды.
Сонымен қатар, аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, аудан прокуроры Ержан Қожабеков, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов қоғамда орын алып жатқан жағдайлар мен мәселенің маңыздылығы туралы өз ойларын ортаға салды. Жиынға қатысушы ата-аналар сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын жеткізді.
Аталған шара Созақ ауылы, «Созақ» жалпы орта мектеп-гимназиясында жалғасты.
