Қазақ халқы өз ұрпағын ізгілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеп келеді. Осы тәрбиені жалғастыру үшін әрбір азамат өткен күнгі тарихты, батырларымыздың ерлігін білуі керек. Қазақ жастарының бойына ұлттық рухты сіңіру — жақсы тәрбие беру деген сөз. Яғни барлық уақытта тәрбие бірінші орында тұрады. Жас ұрпақ тәрбиелеушілер тәрбиені қалай қолға алсақ, патриоттық сезімді де дәл осындай дәрежеде, биік ұстауымыз қажет. Білім мен тәрбие қалай егіз жүрсе, мемлекет пен халық арасында да осындай ажырамас туыстық орнайды.
Ерлік – елге мұра. Отан соғысының ардагері Әуелбек Ысқақов – Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданына қарасты Көксәйек ауылында 1916-жылы дүниеге келген. Өкінішке қарай Әуелбек ата Жеңістің 60-жылдығын ұрпақтарымен бірге қарсы ала алмады. Алайда ардагердің ерліктері мен еңбектері ұрпақтар есінде мәңгі сақталады. Майдан жолын Фин соғысынан бастап, одан Отан соғысына қатысып, елін, жерін қорғауда аянбай ерліктер көрсеткен ол еліне аман-есен оралған жауынгерлердің бірі. Соғыста 2-ші және 3-дәрежелі «Даңқ», «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен наградталған, көптеген медальдар мен грамоталардың иегері.
Осындай бақытты өмірге жету үшін Әуелбек ата қаншама қанды жолдардан өтті. Атап өтсек, Тихвин, Волхов, Германия , Новгород, Ленинград, Карелья, Заполярье, Норвегия, Польша сияқты елдерді неміс басқыншыларынан азат етті.
Әуелбек Ысқақов майданның соңғы жылдарында тоғыз қаланы азат етудегі ерлігі үшін 1-дәрежелі «Даңқ» орденіне ие болып, соғысты портты қала Ганбургте аяқтады. Мұнда 2-дәрежелі «Даңқ» орденінің иегері болды. Соғыстан кейін Гамбургте екі жылдай қызмет етті.
Соғыстан кейінгі жылдары халықшаруашылығын қалпына келтіруге кірісіп кетті. 1955-жылы Орман шаруашылығы құрылғаннан бастап, 35-жыл Бадам Орман шаруашылығында орманшы болып қызмет еткен. Адал еңбектің арқасында «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген орманшы» атағына ие болды. Бүгінде өзі туған елді-мекенде соғыс ардагері атында көше бар. Өнегелі тұлғаның өмірі- ұрпаққа өнеге!
