
Ордабасы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты кітапханалар арасында «Ақылды балаға – сыйлыққа «Ақылдым» атты байқау өткізілді. Оны аудандық балалар кітапханасы облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасымен және республикалық «Ақылдым» журналымен бірлесе отырып ұйымдастырды.
Іс-шараны Ордабасы аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Феруза Еспембетова ашып беріп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Байқауда 9 үміткер 3 кезең бойынша бақ сынады.
Балалар алдымен «Ақылдым» журналымен қалай танысқанын бейнеролик арқылы көрсетіп, журналды дамыту жайындағы өз ұсыныстарын айтты. Одан кейін «Ертегі айтып беремін» айдары бойынша берілген тапсырмаға сәйкес өз қиялдарымен ертегі құрастырды. Үшінші кезеңде кітапхана қызметкерлерінің көмегімен қабырға газетін дайындап, көпшілікке таныстырды.
Қатысушыларға республикалық «Ақылдым» журналының редакторы, «Қызмет» газеті ЖШС-ның және «Серпіліс» қоғамдық қорының директоры Бейсенкүл Нарымбетова, облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасының балалар бөлімінің меңгерушісі Айнұр Сұлтанбекова, Ордабасы ауданының Құрметті азаматы, аудандық аналар кеңесінің төреайымы Зәуре Әбіш қазылық етті.
Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Шұбарсу ауылдық кітапханасының оқырманы Інжу Жолдас иеленіп, байқаудың облыстық кезеңіне жолдама алды. Жүлделі І орын Елшібек батыр ауылдық кітапханасының оқырманы Әбдіқари Абдурахманға, ІІ орын Шұбар ауылдық кітапханасының оқырмандары Ұлжан Жамалбекке, Алуа Қамардин мен Мақташы ауылдық кітапханасының оқырманы Кәусар Қабылбековаға, ІІІ орын Бөген ауылдық кітапханасының оқырманы Інжу Тойлыбекке, Қайнар ауылдық кітапханасының оқырманы Айдана Қуандыққа, аудандық балалар кітапханасының оқырманы Хадиша Әбдіхалық пен Көктөбе ауылдық кітапханасының оқырманы Балнұр Нұралыға бұйырды. Оларға аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі директорының атынан алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтары тапсырылды.
Рахат ҚҰРМАНБАЙ,
кітапханашы.
Ордабасы ауданы.
