«Түркістан аруы» ұлттық сұлулық байқауы «Қазақстан аруы» ұлттық байқауының аясында ұйымдастырылып келеді. 2022 жылдың 1 қарашасында алғаш рет офлайн форматта «Farab» көпфункционалды кітапханасының концерт залында өтті. Байқау Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асты.
Биыл ұлттық байқаудың сайтына облыстың түкпір-түкпірінен 700-ге жуық өтінім келіп түскен. Үміткерлермен 2 бірдей кастинг өткізіліп, ақтық сайысқа Түркістан және Кентау қалаларынан, Отырар, Түлкібас, Созақ аудандарынан 8 қыз іріктелді.
Финалда арулар өзін таныстыру, шығармашылық бағытта өнері және кешкі көйлектермен дефиле көрсету бойынша сайысты.
Әділ-қазылар алқасының қорытынды нәтижесі бойынша Абылайхан Назерке «Түркістан аруы-2022» атанды.
— Мен Дарын мектебінің түлегімін. 124 баллмен Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ медицина факультетіне грантқа түстім. Менің сүйікті хоббиім-жүзу. Мектептен бастап әртүрлі жобаларға, түсірілімдерге қатысып, модель болып жұмыс істедім. «Түркістан аруы» сайыстың кастинг туралы білгеннен кейін бірден өтініш бердім. Өйткені бұл менің балалық арманым болды. Мен өз облысымды Алматыда жоғары деңгейде таныстыру үшін барынша күш саламын, — деді жеңімпаз ару.
Сондай-ақ үш ару «Түркістан вице-аруы» номинациясын иемденді. Атап айтқанда Халықаралық туризм және қонақжайлылық университетінің 1 курс студенті Роза Рузбаева 1-ші «Түркістан вице-аруы» номинациясын алса, 2-ші вице-мисс номинациясы Түркістан көпсалалы медициналық колледжінің 4 курс студенті Айтбай Жанеркеге бұйырды. 3-ші вице-мисс номинациясын Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің 2 курс студенті Тоқтасын Аяулым алды.
Сонымен қатар, байқаудың Instagram-дағы ресми парақшасында дауыс беру арқылы «Түркістан Интернет аруы» атағының иегері де анықталып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның түлегі Әсел Оразбаева аталған номинацияға қол жеткізді.
Жеңімпаз 18 қарашада Алматы қаласында өтетін «Қазақстан аруы» байқауына өңірдің намысын қорғауға аттанады. 2021 жылы қашықтықтан іріктеу арқылы «Қазақстан аруы» финалына Шахапова Сұлтанбиби қатысып, финалда бой көрсеткенін атап өткен жөн.
Еске салсақ, бұған дейін 2016 жылы ұлттық байқауға Түркістан облысының атынан Зарина Загидуллина қатысқан болатын. Топ-финалистердің қатарына енген З.Загидуллина қазіргі уақытта конкурстың өңірлік директоры болып табылады.
