Созақ ауданының жігіттері әскерге аттанды. Шолаққорған кентіне болашақ сарбаздар жиналып, ерлік сабағына қатысты.
«Айбынды жастар – Жаңа Қазақстанның тірегі» акциясы ерлер бойына патриоттық сезім ұялатуға бағытталған. Жиында жұрт Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскерге аттанғалы тұрған азаматтарды шығарып салу рәсімін жасады.
Жиын барысында Созақ ауданының басшысы Мұхит Тұрысбеков, аудандық Қарулы күштері ардагерлері қоғамдық бірлестігінің өкілі запастағы подполковник Есжан Тұрғанбаев және Түркістан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары подполковник Жандос Күлдербаев сөз алып, ыстық ықыластары мен жүрекжарды тілектерін білдірді.
Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков, өз сөзінде бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның армиясы біздің ата-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрінің заңды жалғасы екенін ерекше атап өтті және жиналған жастарға үлгі ретінде өзінің әскерде болған мезгілді жылы сөздерімен еске алды. Сонымен қатар, әскерге аттанып жатқан азаматтарға сәттілік тіледі. Ал Отан қорғауға кетіп жатқан азаматтар әскери дайындыққа сақадай сай екенін жеткізді.
Айта кетсек, Созақ ауданы азаматтарды мерзімді әскерге шақыру жұмыстарын жыл сайын берілген тапсырыстан артығымен орындайтын ерекше патриоттар мекені болып табылады. Осы күзгі әскерге шақыру науқының өзінде ауданнан 20 жуық бозбала ҰҚК Шекара қызметіне аттанып кетті, алдағы уақытта тағы 100-ге жуығы Қарулы күштер мен Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің қатарын толықтырады. Ал Созақ ауданының Назір Төреқұлов атындағы ІТ мектеп-лицейінің «Жас сарбаз» сыныбы 2021 жылы өткен «Айбын» республикалық жастар жиынында 57 команданың ішінде үздік 9-қа еніп Түркістан облысының намысын жоғарғы деңгейде қорғай білді.
