Сәулегүл Қалымбетова жастайынан өнерге бейім болып өседі. Той-томалақтарда ән салып, той бастап жүріп, ел ішінде «әнші қыз» атанады. Әкесі домбыраны жақсы тартады екен. Ол сондай-ақ, аңшы, саятшы, атбегі, ағаштан түйін түйетін сегіз қырлы, бір сырлы азамат болған. Осындай отбасыдан алған тәрбиенің жемісі болу керек, ол зерек, алғыр болып бойжетеді.
Мектеп мұғалімдері аудандық, облыстық қандай да бір іс-шарада Сәулені апарып жүреді. Зерек оқушы мектепішілік қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Аға пионер вожатый, қыздар кеңесінің төрайымы, мәдени шараларды жүргізуші болады.
Ол Ташкент қаласындағы Низами атындағы педагогикалық университетінің физика-математика факультетін бітіріп шығады. Мұнан соң Алматы қыздар педагогикалық институтының тарих факультетіне түседі. Еңбек жолын Алғабас аудандық Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепте физика пәнінің мұғалімі қызметінен бастайды. 1970 жылы Жартытөбе ауылының тұрғыны Төлеубеков Қуандықпен отбасын құрып, шаңырақ көтереді. Осыдан кейін Жартытөбе ауылындағы «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы орта мектепте физика пәнінен сабақ береді. Сол кездегі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Сексенбай Тұрысбековтің қолынан бірнеше рет Алғыс хат алады. Басқа да марапаттарға ие болады.
Сәуле апай уақыт өте «Аяулы ана», I, II дәрежелі «Даңқты ана», «Батыр ана», «Алтын алқа» иегері атанды. Қазақ КСР Оқу министрлігінің «Үздік қызметкері» төсбелгісін кеудесіне тағады. «Еңбек ардагері» медалімен, аудан, облыс әкімдерінің Алғыс хаттарымен, Мақтау грамоталарымен марапатталды.
Сәуле Қалымбетова 2016 жылы «Хабар» телеарнасында «Әйел сыры» атты бағдарламаға шақырылады, «Еуразия-1» телеарнасында журналист Аман Тасығанның «Өнегелі отбасы» бағдарламасына сұхбат береді. Республикаға белгілі Дана Нұржігіт, әнші Қарақат Әбділдина, актер Данагүл Сейтметова, Аман Тасыған, Мая Воронская сияқты журналистер жүргізетін бағдарламаларға қатысады.
– Расында Қуандық пен Сәуле өнегелі отбасы ретінде жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беруді басты мақсаттары санады. Және мақсат тұтқан биіктеріне қол жеткізді. Сол себепті де әріптесіміз Сәуле қандай құрметке болса да лайықты, – дейді ардагер ұстаз Нұрмағанбет Ыбырайұлы.
Қазақтың салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпы, өнері, тарихы жайлы терең де жетік білімі Сәуле апайды өзі қалаған биіктерге жеткізді. Бүгінгі таңда аудандағы «Ақ әжелер» тобының мүшесі. Осы топ облысымыздың бірнеше қала, аудандарында өнер көрсетті.
Жастайынан бойына біткен өнерін зейнеткерлікке шықса да тастамай, қайта шыңдай түскен Сәуле Қалымбетованы бүгінде созақтықтар құрмет тұтады.
Мақсат ҚАРҒАБАЙ
