
Жақын күндері жетісайлық бүлдіршіндер қуыршақ театрының өнерін тамашалайтын болды. Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының жанынан ашылған өнер ұжымы бүгінде дайындық жұмысына қызу кірісіп кеткен. Айта кетейік, он жыл бұрын жабылып қалған өнер ордасы театр басшысы Орал Камалдың бастамасымен қайта ашылды. Бұл жерде актерлер қуыршақ арқылы бала тілінде сөйлеп, оларға рухани байлық сыйлайды.
– Жасөспірімдерге ұлттық құндылығымызды дәріптеу – басты міндетіміз. Сондықтан да «Ер төстік», «Тазша бала» сынды ертегілерді өңдеп, түрлі кейіпкерлерді қуыршақ арқылы жеткізгіміз келді. Осылай балаларды батырлыққа, даналыққа, білімге құмар болуға, шыншыл болуға тәрбиелейміз, – дейді театр директоры Орал Камал.
Айта кетейік, таяуда Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрында С.Михалковтың «Екі торай» атты қуыршақ қойылымы көрерменге жол тартты. Аталған қойылым бүгінге дейін Жетісай қаласы мен Атакент кентіндегі және Қазыбекби кентіндегі 8 балабақшада сахналанды. Қоюшы режиссері – ҚР мәдениет саласының үздігі Арман Өтебеков, қоюшы суретшісі – Халит Байтелиев, музыкамен көркемдеген – Бақытжан Исманов.
