– Алтын Мейрамбайқызы, 60 жылдан астам тарихы бар облыстық балалар ауруханасы ұжымының бүгінгі жай-күйі, материалдық-техникалық базасы, мамандармен қамтамасыз етілуі қалай?
– Балалардың денсаулығын қорғау – Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің басым бағыттарының бірі. Дені сау, бақытты, жан-жақты дамыған бала – қоғам мен мемлекет үшін ең жоғары құндылық. Еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде балалар барлық бағыттар бойынша тегін медициналық көмек алады. Облыстық балалар ауруханасы – өңіріміздегі ірі көпбейінді медициналық мекемелердің бірі. Ол педиатрия және балалар хирургиясы бойынша 31 бағытта мамандандырылған медициналық қызметтер көрсетеді. Ауруханадағы төсек-орын саны – 427. Құрамында 14 клиникалық бөлімше және 340 пациентті қабылдауға арналған консультативтік-диагностикалық емханасы, 3 жансақтау бөлімшесі бар. Кардиореанимация, неонатальды реанимация және жалпы жансақтау бөлімшесі тұрақты жұмыс істейді. Өткен жылы облыстық балалар ауруханасы ұлттық ак-кредиттеудің І санатын алды. Ак-кредиттеу рәсімі медициналық қызметтер сапасын бағалау, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде медициналық қызмет көрсетуге арналған мемлекеттік тапсырысты орналастыру кезінде медициналық ұйым туралы алдын-ала ақпарат алу және медициналық ұйымдарды соңғы нәтижеге бағыттау мақсатында жүргізіледі.
Облыстық балалар ауруханасының бұрынғы қалыптасқан игі дәстүрін одан әрі жалғастырып, оның әрі қарай дамуына әрекеттенудеміз. Мақсатымыз – балалардың денсаулығын жақсартуға және ұлт сапасын арттыруға үлес қосу. Алдағы уақытта ауруханаға заманауи емдеу тәсілдерін енгізіп, материалдық-техникалық базаны заман талабына сай нығайтсақ деген жоспарымыз бар.
– Соңғы кезде іштен кемтар болып туылатын нәрестелер көбейді. Осы кезге дейін емдеу мекемелеріңізде туа біткен ақаулар бойынша жаңа туған қанша сәбиге ота жасалды?
– Неонатальдық хирургияның дамуына орай және озық технологиялардың енгізілуіне байланысты туа біткен ақаулары бар жаңа туған нәрестелердің өмір сүру деңгейі ұзарып отыр. Республика бойынша орта есеппен алғанда жыл сайын туа біткен кемістіктері бар 1 500 жаңа туған нәресте хирургиялық ем алады. Түркістан өңірі бойынша мұндай жағдайда дүниеге келген жас сәбилер облыстық балалар ауруханасының неонатальды хирургия бөлімшесіне ауыстырылады. 2022 жылдан бері облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұйрығымен өңірімізде неонатальды хирургиясы бейіні бойынша 12 жаңа төсек-орын ашылды. Оның 10 төсек-орны облыстық балалар ауруханасына 2 төсек-орны Түркістан қалалық балалар ауруханасына, тиесілі. Биыл неонатальды хирургия бөлімшесіне 66 кішкентай пациент ауыстырылып, оның 65-іне ота жасалды. Нәтижесі жақсы. Отадан кейінгі өлім көрсеткіші 9,3 пайызға дейін төмендеді.
Балалардың кардиохирургиялық қызметі қарқынды дамуда.Өткен жылы туа біткен жүрек ақауы бар 59 сәбиге кардиохирургиялық ота жасалды. Оның 44-і жасанды қан айналымы аппаратының көмегімен жүзеге асты. Ота жасалған пациенттердің 18-і жүректің аса күрделі ақаулары бар жаңа туған нәрестелер болатын. Оларға жоғары мамандандырылған медициналық қызметтер көрсетілді.
– Бұрын аталмыш аурухана Ұлттық Ғылыми орталықтармен, Шымкент қаласындағы ОҚМА және Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-мен және Шымкент медицина колледжімен тығыз байланыста жұмыс істейтін. Сонымен қатар, Ресейдің (Мәскеу, Санкт-Петербург), Израиль, Литва, Беларусь, Украина мемлекеттерінің жетекші клиникаларымен тікелей байланыс орнатып, дәрігерлердің біліктілігін арттыруда біршама табысқа қол жеткізгені есте. Осы игі дәстүр үзіліп қалған жоқ па?
– Медицина қызметкерлерінің жоғары кәсібилігі еліміздегі денсаулық сақтау жүйесін нығайту мен дамытудың кепілі болып табылады. Сондықтан, біліктілікті арттыру – ең маңызды іс-шара. Жыл сайын арнайы жоспар бекітіліп, қызметкерлер кестеге сәйкес оқуға жіберіледі.
2023 жылдың басынан бері облыстық балалар ауруханасында халықаралық мамандардың қатысуымен 6 шеберлік-сыныбы ұйымдастырылды, оның ішінде Беларусь елінен келген балалар кардиохирургтары көп көмек көрсетті.
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы ұстаздарының ұйытқы болуымен бауырлас Түркия елінің Стамбұл қаласындағы атақты Мармара және Медениет университеттерінен ең үздік
3 профессор келіп, 2 операция жасап, пациенттерге консультация берді, мамандар үшін семинар өткізді. Сонымен қатар, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас балалар анестезиолог-реаниматологы Н.Малтабарова, бас балалар инфекционист дәрігері Д.Баешова, бас балалар неврологы А.Жақсыбаева, бас балалар реабилитологы Ш.Бөлекбаева біздің мамандарға арнап шеберлік-сыныптарын өткізді.
Алдағы жоспарлардың бірі – тәжірибе жинақтап қайту үшін мамандарымызды шетелдердің озық клиникаларына жіберу. Соның алғашқы қадамы жасалды. Жақында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық балалар ауруханасы басшылары Стамбұлдағы бірнеше университеттің (Мармара, Медениет, Аджибадем) клиникаларымен өзара ынтымақтастық жөнінде келісімшарттар жасасты. Болашақта біздің дәрігерлер осы аталған клиникаларда шеберлігін шыңдайтын болады.
– Медицина саласын жаңа технологиясыз дамыту мүмкін болмай қалды. Бұл мәселе облыстық балалар ауруханасында қалай шешімін табуда?
– Елімізде денсаулық сақтау саласы қарқынды дамып келеді. Халықтың қалың тобына, оның ішінде ауыл тұрғындарына қолжетімді және жедел алғашқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдері енгізілуде. Жоғары технологиялық көмек көрсету көлемі өсуде. Жаңа перинаталдық орталықтар салынуда. Тың инновациялық бағдарламалар енгізілуде. Осындай жаңалықтардың арқасында бүгінгі таңда сирек кездесетін және күрделі ауруларға сәтті диагностика жүргізіліп, ол науқастар да сәтімен емделіп шығуда.
Бүгінгі таңда біздің ауруханада 174 тәжірибелі дәрігер, 412 орта буын және 210 кіші буын медицина қызметкерлері жұмыс істейді.
Биыл 267 жаңа туған нәресте ретинопатияға скринингтен өткізілді. Яғни 1283 бала қалпына келтіру және медициналық реабилитация бөлімшелерінде ем алды. «Қамқорлық» бағдарламасы бойынша 136 нәресте ерте даму орталығында сауықтырылды.
Облыстық балалар ауруханасының мамандары санитарлық авиация арқылы аудандық ауруханаларға консультативтік көмек көрсетуде. 2023 жылдың басынан бері 527 маман аудандарға шақыртулармен барып, 219 науқасқа консультация берді. 40 науқасқа сол жерде ота жасалды. 166 науқас облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Республикалық және ұлттық ғылыми орталықтармен тығыз байланыстамыз. Барлығы 103 телемедициналық консультация алынып, аудандық ауруханаларға осындай 639 кеңес берілді.
– Әңгімеңізге рахмет! Еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Сұхбаттасқан Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ
