
«Балалар жылы» аясында республика көлемінде тапсырылған 500-ден астам заманауи талаптарға сай автобустардың 101-і Түркістан облысының балаларының игілігіне берілді.
Бұл автобустар облыстағы 56 мектебі жоқ ауылдардан және бастауыш мектебі ғана бар 124 елдімекендерден 15 мыңнан астам баланы қауіпсіз тасымалдайтын болады.
Еске сала кетсек, Наурыз мерекесі қарсаңында облыс оқушыларының игілігіне 71 автобус берілген болатын. Бүгін 38 орынды 30 автобус мектептерге жол тартты.
Алдағы 3 жылда өңірде тағы 96 мектеп салынғалы жатыр. Және жыл өткен сайын оларға жақсы жағдай жасалып жатыр. Соның бір аймағы — биыл облыс мектептеріне 101 автобустың бөлінуі. Соның 71-і тапсырылды. Ал бүгін облыстың барлық өңіріндегі мектептерге қалған 30 автобустың кілті тапсырылды. Бұдан басқа, жазғы демалыста 26 мыңнан аса балаға демалыс лагерьлеріне тегін жолдама берілді.
«Бүгін менің балам мектеп бітіріп, үлкен өмірге жолдама алып отыр. Қазір олардың білім алуына керемет жағдай жасалынған. Тіпті оқушыларды тасымалдауға су жаңа автобустар беріліп отыр. Лагерьге тегін жолдама береді деп жатыр. Тамақ та беріледі. Шүкір, бұл да болса Тәуелсіздігіміздің және облыс орталығы атанғанымыздың арқасы. Расында, «Жаңа Қазақстанда» өмір сүріп жатқанымызды әсіресе осы Түркістан тұрғындары шын сезініп жатыр деп толық айта аламын», — деді ата-ана Шарагүл Ниязова.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
