Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес шағын кәсіпкерлікті қолдаудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы әзірленген болатын. Онда шағын және орта бизнестің дамуына қатысты кедергілерді жою, жеке тұлғалар үшін ұжымдық пайданың басымдығын қамтамасыз ету, жаңа бастаған және жұмыс істеп тұрған бизнес үшін сапалы, өнеркәсіптік, инновациялық және креативті инфрақұрылым жасауды ынталандыру, кәсіп ашуға рұқсат беретін құжаттардың санын қысқарту көзделген. Осы орайда өңірімізде шағын кәсіпкерлікті дамытуға атсалысып жүрген азаматтарға газетімізден арнайы айдар ашып, ақпараттық алаң ұсынып отырмыз. Айдар – «Мен аяққа қалай тұрдым?»
деп аталады. Жаңа айдарымыздың алғашқы кейіпкері – ордабасылық тігінші келіншек Меруерт Пернебайқызы.
Бала күтіміне байланысты екі жылдай үйде отырып қалдым. Сол кезде бір кәсіп бастау туралы идея келді. 2020 жылы құрақ тігудің онлайн курстарына жазылып, әртүрлі сабақтарға қатысып жүрдім. Бір жылымды тек үйренуге арнадым. Басында құрақ көрпелерді сыйлыққа деп, туыстарға деп тігіп жүрдім. Тігін тігуді толық меңгердім-ау дегенде ғана орталық ашып, арнайы тапсырыс қабылдауға бел будым.
Көп балалы ана болған соң бір жағы балалар тәрбиесіне көңіл бөлу керек болды, екінші жағынан жаңадан бастаған кәсібімді «өлтіріп алмау» деген уайымның болғаны рас. Тапсырыстарымның алғашқыларын сыйлыққа алған тігін машинаммен тігіп жүрдім. Кейіннен аудан орталығы Темірланнан арнайы орын алып, орталықты кеңейттім.
Бізде, әсіресе, оңтүстік өңірде тігіншілік бизнесінде бәсекелестік өте жоғары. Оның ішінде құрақшылар көп екенін айта кеткен жөн. Елге танымал бірнеше құрақшыдан сабақ алдым. Әр құрақшының өзіндік ерекшелігі мен стилі бар. Олардан өзіме ұнаған детальдарын терең меңгеріп, жаңа бренд қалыптастыру үшін көп іздендім. Сөйтіп өзімнің авторлық «Ажар ана» атты жаңаша туындымды ойлап жасап шығардым. Ордабасы ауданынан бөлек, алыс-жақын аймақтардан, Шымкент қаласынан тапсырыс түсіп
тұрады.
Құрақтан бөлек перде тігу, құдалық, тұсаукесер, сүндет тойларға арналған жасаулар жасаймын. Айтуды ұмытып барады екенмін, 2021 жылы мемлекет тарапынан берілетін грант конкурсына қатысу үшін курсқа жазылып, кәсіпкерлік бойынша білім алдым. 2022 жылы мемлекеттік конкурсқа қатысып, қайтарымсыз грант иегері атандым. Мемлекеттен ұтып алған 1 млн. 225 мың теңгеге лазерлі станок сатып алдым. Лазерлі станок ою жасауда, құраққа, той жасауларына мәтін жазуда жұмысты жеңілдетті. Бұрын қандай да бір ою, мәтін керек болса, Шымкент қаласына барып, тапсырыс беріп, оның дайын болғанын 2-3 күн күтетін едім. Қазір бұл құрылғының арқасында оның бәрін өз тігін цехымда әзірлей беремін.
Мемлекеттік грант конкурсына қатысатын кезде бизнес жоспарымды осы лазерлі станок арқылы мата және ағаш бұйымдарға ою салу бойынша қорғап шықтым. Бизнес жоспарымның өтімділігі де сонда болды ғой деп ойлаймын. Өйткені, өзге қатысушылар тек ағаш бұйымдарға ою салу бойынша жоспар әзірлеп келген екен. Мемлекеттің қолдауының арқасында қайтарымсыз грантқа ие болып, кәсібім алға жылжыды.
Ауданда, облыста өтетін тігіншілердің фестиваліне тұрақты түрде қатысып тұрамын. Жақында ғана Астанада «Аламан құрақ» фестивалі өткен-ді. Фестивальге шақырту алғаныммен, денсаулығыма байланысты бара алмадым. Онда еліміздің әр өңірінен жиналған құрақшылар ұзындығы 500 метр болатын құрақ көрпе тігіп шықты. Бұл құрақ көрпе Гиннестің рекордтар кітабына енді. Құрақ көрпені тігіншілер бір түсте, бір техникамен тігіп шыққан. Бұл қолөнер туындысын жасап шығуға жалпы саны 250-ге тарта құрақшы қатысты.
Қазір әлеуметтік салада жұмыс істеймін, кәсіп бастаймын деген азаматтарға қолдау өте көп. Мемлекеттің қолдауының арқасында аяққа тұрып, жеке кәсібімді дөңгелетіп отырмын.
Меруерт ПЕРНЕБАЙҚЫЗЫ,
«Ажар ана» брендін қалыптастырушы,
жеке кәсіпкер.
Ордабасы ауданы.
