
Жастар қай заманда, қай ғасырда болса да, қоғамдық өмірдің ең белсенді мүшелері саналған. Әрбір елдің даму көкжиегін, мәдени-рухани келбетін, арман-аңсарын, талпынған мақсат-мұратын белгілі бір дәрежеде сол елдің жастарына қарап та бағамдауға, бағалауға болады.
Мағжан Жұмабаев «Мен жастарға сенемін» деп өлең жазғанда жастарға үлкен жауапкершілік пен сенім арту арқылы, сонымен қатар өздерінің тар заман қыспағында орындай алмай, қол жеткізе алмай бара жатқан істерін де аманат еткендей ұлт жастарына үлкен үмітпен қарағанын аңғарамыз. Осы ретте Мағжан сенген жастар қандай болу керек деген ой да бір сәт мазаламай қоймайды.
Әрине, олар өз ұлтын сүйетін, ұлтының барлық жақсы құндылықтарын бойларына сіңірген, ақылды, парасатты, заманының озық білімдерін игерген, ұлттық және әлемдік дәрежеде ой өрбіте алатын саналы да сапалы толқын деп білеміз. Мағжан ақынның бұл философиялық сөзі олардың да өз заманының талап-тілегіне толыққанды жауап берген саналы да, алғыр жастардың қатарында болғанын көрсетеді. Қалай болғанда да, Алаш қайраткерлерінің барлығы да жас кездерінен-ақ елі мен жерінің тағдырына араласып, ұлтының келешегіне бейжай қарай алмаған тұлғалар болып қалыптасқандығын байқаймыз. Яғни заманның алға тосқан міндеттеріне білек сыбана кірісіп, жан-жақтан төнген сын-қатерлерді де жетік сезініп, соңдарынан ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған өнегелі еңбектер, шоқтығы биік туындылар жазып қалдырды. Олардың дүниеге әкелген әрбір туындыларының, ғылыми еңбектерінің баспа бетінде жарық көру мерзіміне зер салар болсақ, көпшілігі жиырма мен отыздың айналасындағы жастардың болғанын байқаймыз. Бұл дегеніміз, қазақ ғылымында өз алдына жеке зерттелетін ғажап рухани құбылыстың бірі. Шын мәнінде, әрбір адамның есеюі – биологиялық жасымен емес, сана мен рух деңгейінде көрініс табады. Аз уақыттың ішінде көп іс тындыру да сол кездегі жастардың белгілі бір арман-мақсаты болғаны сөзсіз. Сонымен қатар Абай секілді данышпанның айналасына топтасып, темірқазығын адаспай тапқандары да олардың бойындағы мүдде бірлігінің айнымастығын білдіреді.
Ал бүгінгі қазақ жастары кешегі Алаш жастарына ұқсай ма? Әлде, басқа ма? Жалпы бүгінгі қазақ жастарына қарап, ұлт мұратын айқындауға бола ма? Мәселе осы тұстарда өзектене түседі. Білім тұрғысынан алғанда, бүгінгі қазақ жастарының бойынан сол замандағыдай оқу-білімге құштарлықты байқауға болады. Көпшілігі сапалы білім алғанды дұрыс көреді. Бүгінгі қазақ жастары ақылдан, пайым-парасаттан кенде емес. Әлемнің озық университеттерінде білім алып, бірнеше тілді еркін меңгеріп, дүниежүзінің атақты ірі компанияларында еңбек етіп жүргендері де бар. Мұның бәрі мақтан етерлік жетістіктер. Демек, қазіргі жастардың бойында да зиялылыққа ұмтылу, заманының көзі ашық, көкірегі ояу азаматы болуға деген талпыныс жойылған жоқ. Әлбетте, бұл айтылғандардың барлығы бүгінгі қазақ жастарына тән мәселелердің жоқтығын білдірмейді. Соларды белгілі бір дәрежеде талқыға салып көрсек деген ниетпен осы тақырыпты мақаламызға арқау етіп отырған жайымыз бар.
Иә, жоғарыда айтқанымыздай, әр заманның, әр уақыт пен мезгіл-кезеңнің жастары болады. Сонымен қатар кез келген ұлт жастарының өмір сүру қалыбы, мінезі, психологиясы ұқсас болып келеді. Өйткені әр адамның жастық кезіне албырттық, жігерлілік, қайсарлық, намысшылдық, тәуекелшілдік тән. Жастардың табиғаты, жаратылысы ескілікке қарсы, жаңаны көксегіш. Өзгерісті қалайды. Қатып-семіп қалған қағидаларға сын көзімен қарайды. Олар заманның талап-тілегін, сұранысын, жүрек соғысы мен тамыр бүлкілін аға буыннан айқынырақ, анығырақ сезінеді. Аға буын мен жастардың кейбір мәселелерде бірін-бірі түсіне алмауы, таңырқай қараулары осындайдан келіп туындайды.
Адам баласы, асылында, өзі өмір сүрген мезгіл-кезеңнің рухани-мәдени болмысын бойына көбірек сіңіріп, соның шеңберінде өмір сүреді. Демек, аға буын өзінен кейінгі жастардың рухани-мәдени болмысындағы өзгерістерді толық түсініп, сезіне алмауы заңдылық. Өйткені жастар өз уақытының кезеңінде, өз заманының орбитасында ғұмыр кешіп жатыр. Ол кеңістікке кіріп, қыр-сырын ұғыну үшін, парықтау үшін кем дегенде солардың замандасы, қатарласы, тең құрбысы болуыңыз керек. Осылайша, әр ұрпақ өз өмірін, мына жарық дүниені өздігінше танып, өздерінің ақиқаты мен шындығының арасында, дұрыс деп қабылдаған құндылықтарының ортасында тіршілік кешеді.
Сонымен, бүгінгі қазақ жастарына қандай мәселелер тән? Енді соған келейік. Әрине, бүгінгі қазақ жастары біркелкі, бір бағыттағы жастар емес. Олар – әртүрлі. Ұлт мұраты мен аманатын барынша сезінетін, сол жолда келе жатқан жастар бар да, сонымен бірге санасы космополиттенген, ұлтының тарихын, салт-дәстүрін, ана тілін білмейтін жастар да бар. Алғашқы топ, сөзсіз, ұлтымыздың кеңістігін, болмысын, дүниетанымын, рухани-мәдени мұраларын келешекке апарады. Апарып қана қоймайды, соған өздерінің таңдаған салалары арқылы үлес қосып, шама-шарықтары келгенше байытып, түрлендіріп, ғылыми жаңалықтар ашып, ұлтын да, өздерін де сапалы деңгейге көтереді. Ұлтының бақытты болуын терең ойлайтын саналы жастар да осы топтан шығады. Негізінен алғанда, бүгінгі қазақ жастары, олардың рухани-мәдени болмысы, арман-мақсаттары – әлеуметтік, ғылыми тұрғыдан толық зерттеуді қажет етеді. Өйткен себебі қазақ жастарының арасында да түрлі көзқарастар мен ұстанымдардың жетегінде жүргендер бар. Бірі – батысшыл, бірі – дәстүршіл, бірі – жаңашыл, бірі – діншіл, енді бірі – прогрессивті дегендей жіктеліп кете береді. Тиісінше, бірінің ұстанған құндылығын екіншісі жоққа шығаратын жастар да жоқ емес. Асылында, бұл мәселе жастар арасындағы «ұлт бірлігі» деген мәселеде қарама-қайшылықты көзқарасқа әкелуі де мүмкін. Сондықтан «Бүгінгі қазақ жастары ұлт мұраты жолында бірлік таныта ала ма?» деген мәселенің туындап отырғанын жоққа шығару қиын. Көзқарастар мен түсініктер әртүрлі бола беруі мүмкін, бірақ қазақ жастарының ұстанатын айнымас темірқазығы бір болуы керек. Ол – мемлекетіміздің тәуелсіздігін сақтау, қорғау, еліміздің дамуына қызмет ету.
Бүгінде қазақ жастарының арасында әлеуметтік тепе-теңдіктің бұзылғанын да айтуымыз керек. Өйткені базарда арба сүйреп күн көрумен жүрген жас пен қымбат көлік тізгіндеп, сайран салып желіккен жастың бұл өмір туралы, керек десеңіз, мемлекет, ұлт туралы ұғым-түсінігі екі басқа.
