
Түркістанда колледж студенттері арасында ән байқауы өтті. Патриоттық әндер шырқалды. Республика күні мерекесіне орай ұйымдастырылған байқау шарты бойынша қатысушылар екі ән орындайды. Біріншісі патриоттық ән болса , екіншісі еркін тақырыпта. Дүбірлі додаға қаладағы арнайы орта оқу орындарынан 15-18 жас аралығындағы 8 үміткер қатысты. Кімнің бағы жанып жеңімпаз атанды? Ақерке Тұрдыбек- Жоғарғы көпсалалы қолөнер колледжінің студенті. Болашақта жұмысын туризм саласында атқаруды көздеп отыр. Әншілік жолын мектеп қабырғасынан бастаған жас өрен бірнеше байқауларға қатысып жүлдегер атаныпты. Бүгінгі сайыста жеңе алатынына толықтай сенімді.
Ақәділ Тілеуберген- байқаудың ең жас қатысушысы. 15 жастағы бозбала Қожа Ахмет Яссауи атындағы колледжінің студенті. Өнер жолын 8 жасынан бастаған әнші бүгінге дейін бірнеше байқауларда топ жарған.
Байқау жеңімпазын анықтаған әділқазылар қатысушылардың талабы зор екенін айтады. Қайсысы болса да жеңіске лайық болды. Дегенмен сайыстың аты сайыс.Жеңімпаз тек біреу.
Қорытындысында Ақерке Тұрдыбек 2-орын, Ақәділ Тілеуберген бірінші орынды иемденді. Бұл сайыс Түркістан қаласы жастар ресурстық орталығының ұйытқы болуымен ұйымдастырылды. Жастардың қызығушылығын арттырған жоба алдағы уақытты тұрақты түрде өткізілетін болады.
