Түркістанда «Ескерткіштерді қорғайтын халық» халықаралық конференциясы басталды. Маңызды басқосуға ЮНЕСКО-ның бастамасымен әлемнің 20 елінен 60 халықаралық сарапшы жиналды. 26-28 қазан аралағында үш күнге созылатын іс-шара барысында конференцияның 400-ден астам делегаты ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұра объектілерін басқару, сақтау және қалпына келтіру, туризм маркетингі және Қожа Ахмет Ясауи тұлғасы мен еңбектерінің түркі халықтары үшін рөлі мәселелерін талқылайды. Конференцияға облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, Қожа Ахмет Ясауидың ұлт руханияты үшін маңызды тұлға екенін айтты.

Ежелгі Түркістан жері «Түркі әлемінің бесігі» мәртебесіне ие болуы заңдылық. 2021 жылы Түркітілдес мемлекеттер Ынтымақтастық Кеңесінің бейресми саммиті Түркістанды Түркі әлемінің рухани астанасы деп жариялады. Саммит аясында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерінің көшбасшыларына маңызды үндеу жасады. Онда Қазақстан Республикасының Президенті Түркі өркениетін жаңғыртуды ең алдымен, Қожа Ахмет Ясауи мен қасиетті Түркістан мұрасын бүкіл әлемге таныстырудан бастауға шақырды.
Ясауидің мұрасы Қазақстаннан тыс елдерде де белгілі. Адамзаттың шабыт көзі бола отырып, ол рухани ойлар үшін азық беріп қана қоймай, ғалымдардың ұрпағын тәрбиелеудің негізіне айналды. Әлемнің әртүрлі елдерінде сақталған ұлы түркі ойшылы мен оның ізбасарларының еңбектері ясауитанушы ғалымдарының ғылыми зерттеулерінің тақырыбы болып отыр.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі 2003 жылы ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енгізілген. Қожа Ахмет Ясауи мұрасын зерттеу және сақтау жұмыстары сөзсіз жалғасады. Конференцияға қатысқан ғалымдар осылай ой қозғады.
«Ескерткіштерді қорғайтын халық» конференциясы «Ясауитану» ғылыми бағытының жетістіктері мен даму перспективаларын талқылау және пікір алмасу үшін түрлі бағыттар мен мектептердің ғалымдарына платформа ұсынып қана қоймай, кесенені сақтау саласындағы әдістер, тәсілдер мен шешімдерді талқылауға арналып отыр. Сонымен бірге ескерткіштерді қорғау, туризм саласын дамыту мәселесі де талқыланды. Осы шара аясында «ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра нысаны үшін жоспар менеджментін әзірлеу семинары да ұйастырылмақшы.
