
Түркістанның Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып, Түркістан облысы атанғалы бері атқарылған іс те аз емес, атқарар дүние де жетерлік. Еліміздің рухани астанасы, түркілердің екінші Атажұрты атанған киелі өңірдің маңызы зор, бұл — келер ұрпаққа тартылған сый. Бұл шаһар ғасырлар бойы бүтін бір өркениеттің қайнаған қазаны атанып, озық ойлар мен ұлы ойшылдардың отаны атанды. Тарихтың қатпар беттерінде ойып тұрып із қалдырған көне қала қазақ тарихының сан қилы кезеңдерін өткерді. Әбу-Насыр әл-Фараби бастаған ұлылар көші кешегі күнге дейін дамудың даңғыл жолында өлшеусіз үлес қосып, бір ұлттың ғана емес, күллі әлемнің жақсаруы жолында еңбек етті. Ұлы ойшылдың ізін жалғап, бір ғана Фараб қаласынан отыздан астам ғұлама-ғалымдар түлеп ұшқан. Сол сынды Түркістанды мекен еткен, жұмыс жасаған яки шаһарға қатысты тұлғалар тек бір өңірдің ғана емес, бүтін бір контигенттің дамуында сүбелі қосты. Қазіргі күні Түркістан облысы болып, Түркістан қаласы облыс орталығы атанып, сол бір құмға сінген тарих қайта түлегендей күй сездіруде. Бұл дегеніміз тарихқа құрмет, елге мәртебе, болашаққа өлшеусіз мұра деп түсінемін. Өткен мен бүгін сабақтасқан көне шаһар қазір қайнаған құрылыс орталығына айналып, ескірген ғимараттар жаңарып, өзгеше бейнедегі нысандар бой көтеруде. Бірақ қала өзінің келбетін жоғалтпай, тарихи айнасын сақтап қана қоймай, жаңаша деңгейге көтеруде. Сондықтан өзгерту туралы шешім өте орынды деп білемін. Алдағы уақытта қаланы кеңейту, облысты таныту кезеңінде тарихи тамырынан ажыратпай, оны бұл күнгі жаһандану дәуірімен сабақтастыра отырып, ұлтымыздың өткенін көне кітап беттеріндей парақтауға жол ашатын қала қылсақ келер ұрпаққа алдағы жүз жылда сыйлар сыйымыз болар еді. Не болса да Түркістанның жаңа мәртебесі тек береке мен бірлік әкелсін дейміз. Түркістан -түркі дүниесінің ордасы.Түркістан жаңа дәуірімізде ұлтымыз бен ұлттық болмысымызды сақтауда ерекше үлес қосатын еліміздің мақтанышы, түркі дүниесінің рухани астанасы. Бұл қаламен мың жарым жылдық тарих сабақтасып жатыр. Он ғасырдан астам тарихтың қолтаңбасы жатқан қала өткен жылы жаңа құрылған Түркістан облысының орталығы болып бекітілді. Оңтүстік Қазақстан облысының Түркістан болып, орталығының Түркістанға көшуі – стратегиялық тұрғыдан да, саяси-экономикалық жағынан да, бастысы рухани-мәдени жағынан өте орынды шешім болды. Бұл Шымкенттің республикалық қала мәртебесін иеленуіне, Түркістан облысының басқа аудандарының дамуына жаңа серпін бермек. Қазақстанның экономикалық дамуы үшін, әрі геосаяси мәселеде ұтымды шешімдер қабылдауда Түркістанның облыс орталығы болғаны дұрыс. Көршілес елдермен тығыз қарым-қатынас орнатып, түркі елдерімен етене араласуда Түркістанның маңызы зор. Себебі түркі дәуірінің даму сатысының екінші көшпелі кезеңінде түркі жұртының атажұрты атанған дәл осы Түркістан еді. Жиырмадан аса хандарымыз бен атақты батырлардың қорымы жатқан жерде атақты Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі орналасқан. Орта ғасырдың керемет сәулет ғимараты бүгінде көпшіліктің жыл сайын ағыла келетін тарихи-мәдени кешеніне айналды. Ежелде Шавгар деп аталған көне қалада ЮНЕСКО-ның қорғауындағы ғимараттар да жетерлік. Бүгінде облыс орталығы атанған шаһар қайнаған құрылыс ортасы. Жаңа бас жоспар бойынша қалада бой көтеретін барлық нысандар шығыстық стильге негізделіп, ұлттық нақышта салынады екен. Оның өзі көңіл қуантады. Ұлттық бейнемізді жоғалтпай, жаңа дәуірдің жаһандану кезеңінде дамудың келесі сатысына батыл қадам басуға мүмкіндік беретін мұндай бастама әлі талай игілікті істерге әкеледі деп есептеймін. Мемлекетіміз үшін саяси-экономикалық тұрғыдан да, рухани-мәдени жағынан да пайдалы бұл шешім өз жемісін берсе, Тәуелсіз Қазақстанның картасында жаңа, келбетті әрі сәулетті дамыған өңірдің пайда болғандығын дәлелдейді деп сенеміз.
