
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында солтүстік өңірлерге қоныс аударуға ниетті аудан тұрғындарымен кездесу өтті. Аудан әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаевтың төрағалығымен өткен жиынға Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшының орынбасары Нұржан Нұрашов, Түркістан облыстық мәслихат депутаты Жаңабай Ағабеков, «TAUEKEL» ұйымының төрағасы Бурахан Дақанов, «Отандастар қорының» сарапшысы Әлфараби Мыңбай, халықты жұмыспен қамту өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.
Жиын барысында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары толық түсіндірілді. Сондай-ақ тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Арнайы топтың айтуынша, осы уақытқа дейін өңірімізден 12 мыңдай адам қоныс аударған. Ұлттық жоба шеңберінде қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың мынадай шаралары ұсынылады:
- Көшуге арналған субсидия – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде;
- Отбасы мүшелерінің санына және елді мекенге байланысты 12 ай ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;
- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жіберу;
- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу.
Төлеби ауданы әкімінің баспасөз қызметі
