Елімізде жыл соңына дейін 20-дан аса заңға өзгерту мен толықтырулар енгізілуі тиіс. Қазір депутаттар осы мәселемен бас қатырып жүр. Конституцияның 1/3 бөлігі өзгеріске ұшырады. Бұл нормативтер сот жүйесі, құқық қорғау органдарының жұмысына бірқатар өзгеріс пен прогресс алып келеді.
Референдум, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдаулары еліміздегі бірқатар өзгерістерді талап етеді. Қылмыстық заңнамаға толықтырулар енгізудің басты мақсаты – азаматтардың құқығын қорғау болып отыр. Ұсақ-түйек қылмыстарға жазаны ізгілендіру, игілік арқылы елді тәрбиелеу мүддесі басты орында.
ҚР Парламент сенатының көшпелі отырысына
басқарма басшылары, прокуратура, ІІД қызметкерлері қатысты. ІІМ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының өкілдері де баяндама жасады. Баяндамашылардың айтуынша, қылмыстық заңнаманы оңтайландыру мәселелері бойынша әзірленген заң жобасы заман талабы болып отыр.
Қылмыстық жазаны жеңілдету, ізгілендіру – әлемдік тәжірибеде тиімді тәсіл. Қатаң жаза беріп, түрмеге тыққаннан гөрі қоғамдық жұмысқа салып, түсіндіргеннен келетін пайда көп. Рақымшылық жасалған, ізгілікпен тәрбиеленген жауапқа тартылушының екінші рет қылмысты қайталау фактісі азайған екен.
Айта кетейік, елімізде өзекті болып отырған қылмыс көп. Әсіресе, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Жылына 100 мыңнан аса әйел полицияға осы проблемамен шағымданады екен. Ал интернет-алаяқтар елімізде 10 миллиардтан астам шығын келтіреді.
