
10 мыңға жуық адам газбен қамтылатын болды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Отырар ауданына жұмыс сапарымен барған сәтінде осындай ақжолтай ақпар айтылды. Өңір башысы тұрғындармен кездесіп, еркін пікір алысты, сұрақтар да жауапсыз қалған жоқ.
Отырар ауданына әкім ғана емес, өңірдегі құқық қорғау органдарының, департамент пен басқарма басшылары түгел келген. Кез-келген мәселемен қабылдауға кіріп, уәждерін ашық айтуға мүмкіндік алды халық. Өтініштер тыңдалды. Дархан Сатыбалдының айтуынша, ауданның Түркістанға жақын орналасуы – дамуына септігін тигізіп жатыр. Алдағы уақытта ауылдарды көркейту жаңа қарқынмен жалғасатынын да айтып, қуантып қойды. Тұрғындар тарапынан жол, мектеп мәселесі, тарихи Отырар кітапханасын жаңғырту, дәрігерлік амбулатория ашу, инфрақұрылым және өзге де ұсыныстарын жеткізді.
Дархан Сатыбалды Отырар ауданына сапарында Отырар ауылдық округі аумағынан салынып жатқан қуаттылығы 50 МВТ күн электр станциясының құрылыс жұмыстарын көрді. «Arm Wind» ЖШС тапсырысымен салынып жатқан нысанның жоба құны – 14,7 млрд. теңге. Жоба толықтай іске қосылғанда 50 адам тұрақты, 310 адам маусымдық жұмыспен қамтылады. Келер жылдың басында пайдалануға беру жоспарланып отырған станция энергия тапшылығын азайтып, өңір экономикасына үлес қоспақшы. Осы станция маңында кәсіпкерлермен жүздескен облыс әкімі олардың жобаларымен танысты. Кәсіпкерлікке әрдайым қолдау көрсетілетінін айтты.
Одан кейін өңір басшысы Шәуілдір ауылына табиғи газ қосу шарасына қатысты. Шәуілдір ауылын табиғи газбен қамтитын газ құбыры жүйесі құрылысы 4 жыл жүргізіліп, биыл пайдалануға беріліп отыр. Оның құрылысы облыстық бюджет қаражаты есебінен жүргізілді. Жалпы ұзындығы 78,414 шақырымды құрайды. Жоба аясында 1615 тұрғын үй (10 мыңға жуық адам) табиғи газбен қамтылады. Енді тұрғындар келіп тұрған газды үйлеріне кіргізуі тиіс. Одан әрі өңір басшысы Отырар аудандық «Белсенді ұзақ өмір» әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде болды.
