
Қызылкөл елді мекеніндегі (Созақ ауданы)М.Әуезов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жылқыбай Рысқұлбековті шәкірттері өздеріне етене тұтады, еңбегін жоғары бағалайды. Жылқыбай ағамыз білім беру саласында ғана емес, отбасында да өнегелі жан. Өмірлік жары Алтын Құлжабаева осы ауылда медициналық пункттің меңгерушісі болып ұзақ жыл жемісті қызмет етті.
Жалпы, Жылқыбай Рысқұлбековтің ұл-қыздарының көбісі – бала тәрбиесінің бағбандары. Бүгінгі мақалаға арқау боп отырған кейіпкеріміз Дидар Жылқыбайқызы осы шаңырақта 1980 жылы дүниеге келді. Мектепте оқып жүрген кезінде қоғамдық жұмыстарға белсене қатысты. Қандай іс-шара болмасын, ортасында Дидар жүретін. Алғыр, тындырымды, тапсырған істі мұқият орындайтын шәкірт болды. Ұстаздары одан көп үміт күтті. Ол мектепті алтын медальға бітірді. Бала кезден арманы әкесі сияқты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болу еді. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің филология факультетіне оқуға түсті. Дидар жоғары оқу орнында да үздік оқыды. Ауыл қызы жоғары оқу орны ұстаздарының ыстық ықыласына бөленіп, аталған оқу ордасының мақтанышына айналды. Талабы биік студент ғылыми жұмыстар қорғап, ғылымға деген талпынысын да байқата бастады. Дидар көп уақытын кітапханаларда өткізетін. Жоғары оқу орнын қызыл дипломға бітірген Дидар Жылқыбайқызы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетіне тәлім алушы-зерттеуші болып қызметке орналасты. 2002-2005 жылдар аралығында ол осы университеттің аспирантурасының күндізгі бөлімінде білім алды. Одан кейін «қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша магистратураны бітіріп, «педагогикалық ғылымдар магистрі» академиялық дәрежесін алды. Осыдан соң университетте «Қазақ тілі білімінің теориясы мен әдістемесі» кафедрасының аға оқытушысы болды. 2017-2020 жылдар аралығында Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің филология мамандығының докторанты атанды.
Ал, осы жылдың басында филология мамандығы бойынша философия докторы (РҺD) дәрежесін иеленді. Осылайша ол ұстаздарының сенімін ақтады. Бұл ғылыми дәрежені ол оңайлықпен олжалаған жоқ. Талай ұйқысыз түндердің, тынбай ізденістердің жемісі. Ол – «Қазақ тілі жаттығулар жинағын» (2015), «Тіл біліміне кіріспе», «Электрондық оқулық» (2016), «Бейнесабақтар» атты оқулықтардың авторы. Сондай-ақ, 30-ға жуық ғылыми мақаласы әртүрлі басылымдарда жарық көрді. «Қазақ тілін сандық ресурстар арқылы ұлттық бренд негізінде меңгерту» атты ғылыми жоба дайындады. Дидар Жылқыбайқызы республикалық ғылыми жобалар конкурсының қазылар алқасында болып, өзінің қылдан таймайтын қасиетімен танылды.
Жас ғалым Нидерландының Лейден университетінде, Түркия республикасындағы Анкара, Гази, Стамбұл университеттерінде тағлымдамалардан өтті. Дидар Жылқыбайқызы қазір Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қазақ тілі білімінің теориясы мен әдістемесі кафедрасында жұмыс істейді.
Теріскейден түлеп ұшқан жас ғалым өзі өсіп, қанаттанған өңірін үнемі мақтан етеді. Оның нағашы атасы Құлжабай Төлеуов – қазақтың халық ақыны.
Жылқыбай аға өсірген ұл-қыздарының қатарларының алды болып жүргеніне үнемі шүкіршілік етеді. Немересі Досхан Жылқыбай – республикаға танымал жас жазушы. Бірнеше кітаптың авторы. Бүгінде Алматыда газет қызметкері. Әрине, оның да жазушы болып қалыптасуына Жылқыбай Рысқұлбековтің қосқан үлесі мол.
Дидардың ғылым жолындағы ізденістері жалғаса бермек. Туған жеріне келгенде ол жоспарының бірқатарымен бөліскен еді. Біз Қызылкөлдей шағын ауылдан осындай ғалым шыққанын мақтаныш етеміз.
Сәрсенбек ТЕҢІЗБАЕВ
