Жақында Оқу-ағарту министрлігінің еңбекақы төлеу әдістемесі басқармасының басшысы Гүлайым Тоқпанова биылдан бастап енгізілген 5 күндік жұмыс аптасымен істеген педагогтердің жазғы демалыс ақысы қалай есептелетінін түсіндіріп берді.
– Бізге 5 күндік және 6 күндік жұмыс аптасы бойынша істейтін педагогтердің еңбек демалысы мен емдеу жәрдемақысын есептеуге қатысты сұрақтар өте көп түседі. 2023 жылы 5 күндік жұмыс аптасы бойынша істегендерге еңбек демалысының 39 күніне ақша төленеді. Ал, 6 күндік жұмыс аптасы бойынша істеген педагогтердің еңбек демалысының 46 күніне ақша төленеді, – деді ол.
Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша мыңнан аса мектеп болса, онда 81919 педагог шәкірттерге сабақ береді. Өңіріміздегі мұғалімдерді санат бойынша бөліп қарастырсақ, 877 педагог-шебер, 13822 педагог-зерттеуші, 15904 педагог-сарапшы, 12399 педагог-модератор, 18 878 жай педагог еңбек етеді. Облысымыздағы 1 мыңнан аса мектептің 907-сі мемлекеттік екенін айта кеткен жөн.
Оқу-ағарту министрлігінің еңбекақы төлеу әдістемесі басқармасының басшысы Гүлайым Тоқпанова заң бойынша еңбек демалысына төленетін ақы іс жүзінде жұмыс істеген күндерге ғана есептелетінін, мереке күндері мен сенбі, жексенбіге төленбейтінін атап өтті.
– Мысалы, педагогтің орташа күндік еңбекақысы 21 мың теңге болса, 5 күндік жұмыс аптасында төленетін 39 күнге көбейтеміз. Сонда мұндай педагогтің еңбек демалысына алатын ақшасы 819 мың теңге болады. 6 күндік жұмыс аптасына төленетін ақшаны да осындай алгоритммен есептейміз. Яғни 21 мың теңгені 46 күнге көбейтеміз, сонда педагогтің еңбек демалысына алатын ақысы 966 мың теңге болады. Бұл педагогтер еңбек демалысына төленетін ақшаны есептеу үшін мысал ретінде беріліп отыр, – деді Гүлайым Тоқпанова.
Сонымен қатар министрліктің Facebook-тегі онлайн платформасында өткен жиында оқу жылын ортасынан бастаған педагогтердің еңбек демалысы қалай есептелетіні түсіндірілді. Әр педагогтің еңбек демалысына берілетін күнді арнайы формула арқылы есептеуге болады.
– Еңбек кодексі бойынша еңбек демалысын белгілеген кезде педагогтің іс жүзінде жұмыс істеген кезеңі есепке алынады. Яғни жұмыс істеп шыққан айлары есептеледі. Егер педагог жұмысқа қыркүйек айында тұрған болса, іс жүзінде демалысқа тура 9 ай жұмыс істеп шықса, демалыс күндерін есептеу үшін мынадай формула қолданылады. 56 күнтізбе күні 12 айға бөлінеді де іс жүзінде жұмыс істелген 9 айға көбейтіледі. Сондықтан, 9 ай жұмыс істеген педагог 42 күнтізбе күнін еңбек демалысы ретінде алады, – дейді Гүлайым Тоқпанова.
Сондай-ақ, ол қаңтардан бастап қана жұмысқа кірген педагогтің еңбек демалысы қалай есептелетінін де түсіндіріп берді.
– Ал, педагог қаңтар айында ғана жұмысқа тұрған болды дейік. Ол тура 5 ай жұмыс істеді деген сөз. Оның еңбек демалысын да жаңағыдай формуламен есептейміз. Яғни берілетін еңбек демалысының мерзімі 24 күн болады. 56-ны 12-ге бөліп, 5-ке көбейтеміз. Сонда 24 күн шығады. Жұмыс істеген кезеңі тура бір жылға толмаған педагогтер толық 1 жыл үшін берілетін 56 күн еңбек демалысының қалған күндерін жұмыс істеген кезеңі толық бір жылға толғанда қосымша алуға құқылы. Яғни педагогтің қалған күндері күйіп кетпейді, – дейді ведомство өкілі.
Мұғалімдердің еңбекақысы қалай есептеледі?
Редакция таңдауы
