Бәйдібек ауданы Боралдай ауыл округіне қарасты 4 ауыл бар. Халқының саны үш мыңға жуық. Әрқайсысының өзіне тән қуат тірлігі бар. Бүгінгі біздің кейіпкеріміз осы ауылдың тумасы – Оралбек Иманәлиев. Кеңсай жалпы орта мектебіне еңбек пәнінің ұстазы. Қолынан келмейтін ісі жоқ. Бойындағы бар өнерін оқушыларға үйретіп, ебі барын өнерге баулуда. Балаларға ағашты қалай жону керектігін, станогтарды пайдаланып, егеуге, қашауға, бесіктерге сап жасап үйретуде.
Оралбек Иманәлиев – ағаштың тамырынан түрлі дүниелер жасайды. 20 жылдан астам уақыт бойы осы саламен айналысып келеді. Табиғаттағы өсіп тұрған ағаштың тамырларына көз жүгіртіп жүреді. Себебі: ағаштың бейнесі бір мүсінге, әлдебір көрініске келетін, ұқсайтын тамыр болса, міндетті түрде жинап алады. Жасаған әрбір бұйымыма өз бейнесіне қарай ат қояды.
Қазіргі уақытта қолынан іс келетін адамға кәсіп көп. Тек ізденіп, еңбек етсе болғаны. Ал осы еңбектің ең төресі — ұсталық өнер. Төзім мен шыдамдылықты серік етіп, ағаштан түйін түюдің өзі нағыз шебердің ғана қолынан келмек. Ата-бабаның дәстүрлі мұрасын жалғаушы қолөнершіге деген сұраныс та күннен-күнге артып келеді. Себебі: қолдан жасалған дүниелерді сыйлы қонақтарға тағы басқа жиын тойларға кәде сый ретінде алып барады.
Бойында өнердің ұшқыны бар жастар ауылдан шығатыны белгілі. Ізденіп, сол талантты әрмен қарай шыңдаса өнерге айналады. Ал біздің кейіпкеріміз Кеңсай жалпы орта мектебінде оқушыларға сабақ береді. Білгенін бүгінгі жастарға үйретуде. Тіпті балалардың өзі Оралбек Иманәлиевтің сабағына тиянақты қатысып, ағаштан бұйымдар жасайды. Саналы ғұмырын жартысын бала тәрбиесіне арнаған еңбек адамының жұмысын мектептегі әріптестеріде жоғары бағалап, алғыстарын білдіруде.
Таудың ортасында орналасқан Борлысай ауылдық округінде бас-аяғы 446 шаңырақ бар. Таңқаларлығы оның 405 үйі көпбалалы отбасылар санатында. Алтын құрсақты аналар тұратын елді мекеннен елімізге танымал зиялы қауым өкілдері, ел басқаратын азаматтар, тамаша талант иелері шыққан. Ауыл адамдарының қарпайымдылығы, қонақжайлылығы көңіл қуантады. Кішкентай баласына дейін тірлікке жаны жақын. Кез-келген жұмысты істеп, отбасына қолғабыс жасайды.
Оралбек Иманәлиев — тастың тілін тапқан шебер десе болады. Ол сурет салып, ағаш ойып, тас қашап — бейнелеу өнерінің ең қиын түрін меңгерген. Көз майын тамызып, ұлттық өнермен айналысуда. Тастардан қашап жасаған заттарды облыстық көрмелерге апарып, жүлделі орындар алған екен.
Ағаштың тамырнан түрлі бұйымдар жасау ісі- шыдамдылықты талап етеді. Оған кез-келген ағаштың тамырлары жарай бермейді екен, оны іздеп таудан алып келеді. Қиялға ерік беріп, оны әрлеп сәндесеңіз бұйым шығады – дейді қолөнер шебері. Әрбір ұстаның алғашқы туындысы ыстық болып сезіледі. Оралбек шебердің де алғашқы жасаған заттары бүгінде облыстық көрмелерден орын алған. Ең бірінші ағаштың тамырынан динозаврдың мүсінін шығарған. Оған «көне дәуір» деп ат қойған.
Оралбек Иманәлиевтің есімі бүгінде бүкіл ауданға таныс. Оның қолыннан шыққан дүниелер кеңінен насихатталуда. Ағаштың тамырынан басқа, темір, қаңылтыр, ламинаттарды да келістіріп тарихи туындылар істейді. Он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберінің ендігі мақсаты – қолынан шыққан дүниелерді сақтап, кейінгіге өнеге болатындай— көрме ашу екен. «Қолы ұста адамның қойнында алтын бар» дейді. Сол айтқандай, алтын қолды шебердің құнды дүниелерін көргенде бір серпіліп алдық. Қазақтың сарқылмас өнерінің бірі болған ұсталықтың шын шеберімен тілдескенімізге де дән ризамыз.
