Жастар тәрбиесінің бастауы – отбасы жүрегі – әйелде!
Бұл тақырыпты алғанда нәзікжандардың басына өмір сүрудегі қиыншылықтың бәрін жүктеп қою үшін таңдаған жоқпын. Әйелдерге қолдау көрсете отырып, қаншалықты нәзік бола тұра, ер азаматтарын өмірге құлшындыра алатынын, отбасы қарым-қатынасы шеберлігін игере отырып, отбасы мүшелеріне бақыт сыйлай алатынын айтқым келеді. Бұл пікір ешқандай да ер азаматтарыңыздың намысын келтірмейтініне сенімдімін. Сонымен бірге ер азаматтардың өзін дүниеге әкелген анасына, өз балаларының анасы–асыл жарына, әпкелері мен қарындастарына, әлемдегі нәзікжандардың бәріне деген көзқарастарын өзгерту.
Қымбатты ханым, сізге айтарым үнемі өзіңіздің мықты жағыңызды дамыта отырып, қоғамдағы орныңызды қалай анықтасаңыз, отбасындағы орныңызды да дәл солай анықтай алуыңыз керек. Сізге табиғат әдемілік, шығармашылық мүмкіндік және өзіңізді жақсы көретін адамдар үшін құрбан ете алу қасиетін берген. Сіздің қолыңыздан бәрі келеді. Маған Кокко Шанельдің айтқан мына бір сөзі қатты ұнайды: «Мен туралы сіздің не ойлағаныңыз маңызды емес. Өйткені мен сіз туралы ештеңе ойламаймын». Осыған тоқталатын болсақ, нәзікжандар көбінесе біреу не айтады деп жалтақтап, біреудің пікірін тыңдауды жақсы көреміз. Соның салдарынан жеткен жетістіктерімізге қуану сезімі аз болады. Ойланыңыз, саралап сарапқа салыңыз, сіздің осы күнге дейін жеткен жетістігіңіз өте көп. Тек сіз оған мән бермей, жеткен жетістігіңіз үшін қуанбай жүрген боларсыз. Өзіңіздің өміріңізде не болып жатқанына шынайы көзқараспен қарап көріңіз.
Өз бақытыңыз – өз қолыңызда
«Адамдар өзін қаншалықты бақыттымын деп ойласа, олар соншалықты бақытты болады» деп айтқан екен Аврам Линкольн. Шынында да, отбасылық өмірдің қиыншылығы мен жауапкершілігіне, міндеттеріне қарамастан сіз де бақытты бола аласыз.
Мектепте оқып жүргенде «Бақыт деген не?!» деген тақырыпқа шығарма жазғаным есімде. «Бақыт деген елімнің тыныштығы, ата-ана, бауырларымның амандығы» деп ойымды тарқатқанмын. Кейін мұғалім өзгелердің шығармаларынан үзінді оқып бергенде, барлығымыз күлкінің астында қалғанбыз. Себебібірі «бақыт деген сүйікті футбол командаңның жеңісі» десе, бірі «банан шалбар кию» депті (Ол кезде сондай шалбар кию сәнде болған). Бақытсыз-ақ бақытты болып жүрген бала күндер-ай!
Бірақ «Бақыт» дегенді әркім өзінше түсінеді. Кейбіреу «Бақыттымын ба?!» деген сұраққа «жоқ» деп жауап беріп, өмірге өкпесін айтып, еңіреп кетеді. Ал кейбіреу керісінше, өмірден таяқ жесе де «Иә» деп жауап береді.
Демек, әркімнің бақыты өз санасында, өз қолында. Мейлі бақыт біреуге қымбат көлік, біреуге алтын сырға, біреуге мансап, біреуге дүниеқоңыздық, біреуге ұлт саулығы болсын, не болса да бәрібір, әрқайсысыңыз бақытты болыңыздар! Өз бақыттарыңыз өз қолдарыңызда!
Бақыт деген не?
Ал біз бақытқа қол жеткізуіміз керек дейміз.Ендеше бақыт деген не? Ол қолмен ұстауға келе ме?
Алдымен біз, неге қолымызды жеткізгіміз келеді, соны анықтап алайық. Менің көзқарасымда бақыт – көңілдің позитивті, эмоционалды күйі, әртүрлі деңгейде қанағаттануы және сол қанағаттанудан эйфория күйіне түсуі. Бақытты сәт үздіксіз болуы мүмкін емес жағдай. Бақытты сәтіңізді басқа күйде болып ауыстырып отырмасаңыз, оның қадірін білмейсіз. Мысалы,тәулік бойы ұйықтай берсеңіз, ағзаңыздың өзі ұйықтағысы келмей кетеді, тоқтаусыз тамақтану да сол сияқты, адамды жалықтырады.Үзіліссіз бақытты болу да бақыттың қадірін кетіреді. Қымбаттыларым менің, енді түсіндіңіздер деп ойлаймын, бақыт тек қуанышты сәттерден ғана тұрғанда бақыт. Сонда бақытты болғысы келген адам бақытты іздеп жолға шығуы қажет пе, қалай ойлайсыздар? Бақыт ұғымы абстракциялы, оны қолға ұстай алмайсыз. Бақытқа түсініктеме беру өте күрделі. Себебі бақыт әр адамда әртүрлі. Сондықтан мен де, әлемдегі миллион бақытты әйелдер де сізге: «Өмірде мынаны, мынаны істесеңіз бақытты боласыз», – деп айта алмаймыз. Дегенмен, мен сіздерге бірнеше құпияны ашқым келеді. Бұл құпияны өзіне жауапкершілік ала отырып, өз бақыттарына қол жеткізген әйелдерден естідім. Жауапкершілікті өз мойнына алған адам ғана алға қойған мақсатына жетеді.
