
Отбасылық құндылықтарды сақтау, әкелердің бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру, ата-аналардың жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын ұйымдастырудағы рөлін арттыру мақсатында «Әкелер кеңесі» құрылды.
Өз қызметінде Әкелер кеңесі тәрбие процесін ұйымдастыруда және басқаруда мектепке көмек көрсету, отбасылық тәрбиенің жақсы жақтарын насихаттау, өскелең ұрпақты тәрбиелеуде және білім беру мекемелерінде балалардың қауіпсіздігін сақтау шараларын ұйымдастыру сияқты міндеттерді шешеді.
Әкелер кеңесінің құзіретіне оқушылармен жүргізілетін тәрбие жұмыстарында қоғамдық бақылауды ұйымдастыру, өмірлік қиын жағдайға тап болған ата-аналармен, оқушылармен қоғамға жат әрекеттер мен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында түсініктеме жүргізу, педагог қызметкерлерге ішімдікке, темекі тартуға, қоғамға қарсы жат мінез құлықтар көрсетудің алдын алу шараларын ұйымдастыруда көмек көрсету кіреді.
Кеңеске жергілікті басқару мекемесінен, қоғамдық ұйымдардан өкілдер, жеке кәсіпкерлер, бұқаралық ақпарат қызметкерлері кірді. Келес ауданында аудандық әкелер кеңесінің төрағасы болып Полатов Тасбау сайланса, орынбасары етіп Байдәулетов Нурполат тағайындалды.
