
Қазығұрт ауданы орталық Мәдениет үйінде аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен жалпы білім беретін мектептерде 2022-2023 оқу жылын қорытындылау, жазғы сауықтыру демалысын ұйымдастыру, демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жиналыс өткізілді. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов, аудандық прокуратура өкілі, жергілікті полиция бөлімінің қызметкері, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкері, аудандық аурухананың бас мейірбикесі, жергілікті төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, адами әлеуетті дамыту бөлімі қызметкерлері, мектеп директорлары мен орынбасарлары, әлеуметтік педагог-психологтары қатысты. Атаулы мәжілістің күн тәртібінде жеті мәселе қаралды:
- Орта білім беретін мектептерде 2022-2023 оқу жылын қорытындылау тұжырымдамасы бойынша;
- Кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалатын қылмыс пен құқықбұзушылықты және оқыс оқиғалардың алдын алу бойынша;
- Жазғы демалыс кезінде шомылу маусымының басталуына байланысты қауіпсіздік шаралары бойынша;
- Жазғы сауықтыру қала сыртындағы және мектеп ішілік лагерлерді ұйымдастыру, медициналық қызметкерлердің жауаптылығы бойынша;
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2022 жылғы 10 тамыздағы «Балалардың сауықтыру және санаторий объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» №ҚР ДСМ-78 бұйрығының талаптары жайлы, ботулизм және жаппай тамақтан уланудың алдын алу туралы;
- Инклюзивті білім беруді ұйымдастыру ерекшелігі және үйде оқыту мәселелері;
- ҰББДҚ (НОБД), BilimLand бойынша.
Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тиісті мекеме қызметкерлері жан-жақты баяндама жасап, жиынға қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, орын алуы мүмкін болған жағдайларды саралап, талқылады. Мәжіліс соңында тиісті шешімдер қабылданып, хаттамаға енгізілді.
Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
