
Түркістан қаласы айналасында азық-түлік белдеуі қалыптастырылып, құны 26,9 млрд теңге болатын бес серпінді инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Қала аумағында 225 гектарда 30 саябақ, 13,6 гектарда 15 сквер мен аллеялар, 129,4 гектарда 9 алаң бар.
Түркістан қаласын абаттандыру мақсатында Майкөтов көшесіндегі «Желілік саябақ», «Төле би саябағы», «Шатқал саябағы», «Отырар» мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлер аумағын көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, 1 шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын (36,3 га құрайтын 3 аулаға) абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бүгінде Түркістан қаласын дамытудың екінші кезеңінің жұмыстары басталып кетті. Кешенді жоспарға сәйкес 109 жобаны іске асыру жоспарланған. Инвестиция көлемі 1,3 трлн теңге, оның 1 трлн теңгесі немесе 77 пайызы жеке инвестициялар.
Қаланы дамытудың екінші кезеңі бірнеше аумақта іске асырылады, аумақта әуежай аумағына ауыл шаруашылығы және басқа да серпінді жобалар іске асырылатын болады.
Бірінші аумақта әкімшілік-іскерлік орталығы аумағында заманауи білім, денсаулық сақтау, спорт нысандары мен әкімшілік ғимараттар, демалыс орындары салынатын болады.
Екінші аумақта Б.Саттарханов даңғылы бойынша спорт кешені, Яссы желілік саябақтары салынбақ.
Үшінші аумақта мәдени-рухани орталықта Әзірет Сұлтан мұражай аумағы абаттандырылып, Қылует мешіті, аз қабатты тұрғын үйлер құрылысы іске асырылмақ.
Аталған іс-шараларды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы облысымыздың жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн теңгеге жетіп халықтың табысы мен еңбек өнімділігі 50 пайызға өсіп, 40 мыңнан аса жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
Мұның бәрі Қазақстанның шынайы жаңару кезеңіне сәтті қадам басуы жолында облыс басшылығы алдына қойылып отырған тапсырмалар мен міндеттер болып саналады.
Қайсы қоғам, қай мемлекет болса да, дамудың жоғары сатысына тек жүйелі жүргізілген жұмыстар арқасында жететіні белгілі. Демек, Түркістан қаласының жаңа қарқынмен дамуына облыс басшысы Дархан Сатыбалдының басшылығымен бұл жолда жасалып, жүзеге асып жатқан игі істер сөз жоқ, өзінің оңды нәтижесін берері сөзсіз.
Түркістан – жай қала емес, алыс-жақынға даңқы кеткен ежелгі тарихи қаланың бірі. Ал қазіргі жағдайда ол уақытпен бірге қарқынды қарыштап, тез дамып келе жатқан заманауи қала. Демек, оның дамуы, белгілі бір дәрежеде еліміз дамуының көрсеткіші деуге болады. Енді алдағы ширек ғасырда Түркістан шаһары жарты миллион адам тұратын еліміздегі белгілі қалалардың біріне айналмақ. Сондықтан қаланы барлық жағынан дамытуға деген жол бүгіннен басталып жатқаны көңіл қуантады.
