
Қазағымыздың дана сөздерінде «ұл тәрбиелесең әулетті тәрбиелегенің, қыз тәрбиелесең ұрпақты тәрбиелегенің» деп айтқан. Халқымыздың өткеніне көз жүгіртсек, дара, батыр ана-қыздарымыз болғаны ақиқат. Имани тұлғалы бойына қарапайымдылық, сыпайылық, инабаттылық, ұяңдық, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, имандылық сияқты қасиеттерді сіңірген Домалақ ана, Айша Бибі сияқты арулар нағыз ата-ана тәрбиесімен өсіп өнген емес пе?! Ата-ананың бойында тазалық, имандылық болса, дүниеге келген ұрпақ та саналы болады. Тәрбие тек дүниеге келгенде емес, ана құрсағынан басталары анық, Бірде бір кісі жасқа толған баласын алып, данышпан кісінің алдына келеді де: «Баламды, қалай тәрбиелесем болады?» деп сұрайды. Сонда әлгі кісі: «Сен бір жыл, тоғыз айға кешіктің» деген екен. Ал тәй-тәй басқан баланың бойына мұсылман әдептерін, ислам қағидаларын сіңіруден кеш қалмауға тырысуымыз қажет. Қазағымызда бала тәрбиесін құрсақтан бастаған асыл аналарымыз дана Абайдың тәрбиешісі болған Зере әжеміз, дәретсіз баласына жоламаған анасы Ұлжанды қалайша ескеріп кетпеске. Жоғарғыдан көргеніміздей бала тәрбиесі соның ішіндегі қыз бала тәрбиесінің моральдық және тұлғалық тәрбиесі міне, ата-ананың нағыз атқаруы тиіс миссиясы. «Ұл бұзылса отбасының бұзылғаны, қыз бұзылса — ұлттың бұзылғаны» деп қыз бала тәрбиесінің салмақты екенін аңғартады. Халқымыз «қыз – қонақ» деп, төрінен орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балап өсірген. Шыбық кезінде ағашыңызды дұрыстап қарасаңыз ғана жемісің жерсіз, сонда ғана еңбегіңіз зая кетпесі анық. «Қызым үйде, қылығы түзде», «Қызды қымтап ұстаған ұялмайды» деген бабаларымыз, «қызды қырық үйден тыюмен» шектелмейді, қыз баланың бойына асыл қасиеттерді сіңіру тек құлаққа құюмен, ақыл айтумен ғана шектелмейді, үлгі — өнеге көрсету қажет. Көргенділік, ізеттілік, сәби кезінен ана сүтімен бойға сіңеді. Үлкеннің жолын кеспеу, айқайлап сөйлемеу, қатты күлмеу, ыдыс аяқты салдырлатпау, үлкендерден жоғары отырмау тіпті қыз баланың жүріс-тұрысына, киіміне, дауыс ырғағына, қимыл-қозғалысына дейін қыз баланың тәрбиесіне аса зор мән беріп, көңіл қоюдың жауапкершілігін сездіреді. Заманауи талаптарына сай деген сылтаумен, тек жаңалықты қабылдау керек деп, шетелге еліктеу арқылы керексіз, қазаққа жат, әдебімізге жат дүниелерді қабылдаудың қажеті жоқ. Заман ағымынан қалмаймыз деп, орынды-орынсыз киініп, қазақилық, имандылықтан алыстататын нәрселерден аулақ болып, өзге тілде емес, өз тілінде сөйлеп, дәстүрді сыйлап, ибалығын сақтау қажет. Өз ана тілін қадырлемеген адамның салт-дәстүрінен хабарсыз болары айқын. Қай қоғамда, қай заманда өмір сүрмесін, ол қазақ қызы деген атқа лайық болуы қажет. Әрбір ата-ана мынаны білуі керек. Неліктен Алла Елшісі (с.ғ.с.) біздің назарымызды қыз тәрбиесіне аударады? Бұл кездейсоқ емес. Неге? Себебі сіз қыз өсірсеңіз, ұрпақ өсірдіңіз. Егер сіз қызыңызды сеніммен, Алла Тағалаға мойынсұнумен нағыз тәрбие берсеңіз, бұл оның бүкіл бір ұрпақты иманды тәрбиелейтінін білдіреді. Қыз тәрбиелеу арқылы сіз бүкіл ұрпақ тәрбиесіне негіз қалап отырсыз. Қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындырып, әдептілікке, имандылыққа, инабаттылыққа, мейірімділікке, төзімділікке баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелесек, онда нұр үстіне нұр болар еді. Алла баршамызға Ислам дінімен өмір сүріп, салихалы ұрпақ тәрбиелеуімізді нәсіп еткей.
