
Қазақстандық отбасының өнегелі құндылықтарын санаға сіңіру, отбасы институтын нығайту және мәртебесін арттыру, жауапты ерлі-зайыптылықтық маңызын таныту мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына іріктеу басталғандығын хабарлаймыз. Үміткерлерді тіркеу 2021 жылдың 10 маусымына дейін Түлкібас ауданы әкімінің аппараты, Т.Рысқұлов ауылы, Т.Рысқұлов көшесі №201, аудандық ішкі саясат бөлімі №210 кабинетте жүргізіледі. Байланыс телефондары (8-725-38) 79-431, (8-725-38) 79-432.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу
ҚАҒИДАЛАРЫ
- Жалпы ережелер
- «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы (бұдан әрі – конкурс) өнегелі құндылықтарды жаңғыртуға және отбасы мен некенің (ерлі-зайыптылықтың) жағымды үлгісін таратуға, отбасы мәртебесін арттыруға бағытталған.
Конкурс жылдың басында жарияланады және «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 20 қаңтардағы № 3827 Жарлығына сәйкес Отбасы күніне орай қорытындыланады.
Конкурсты өткізудің мақсаттары:
1) отбасы институтын, адамгершілікті, руханилықты нығайту, жауапты ерлі-зайыптылықтың маңызын тану;
2) ата-аналардың бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру;
3) отбасылық құндылықтарды, кәмелетке толған балаларының еңбекке қабілетсіз және егде жастағы ата-аналарына қамқор болуын дәріптеу және кеңінен насихаттау;
4) қазақстандық отбасының жағымды имиджін насихаттау.
- Конкурсқа отбасылар (бұдан әрі – үміткерлер) қатысады. Конкурс Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында ашық нысанда өткізіледі.
- Конкурсқа қатысуға мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктері жоғары отбасылар жіберіледі.
- Мыналар:
1) қызметі Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған ұйымдардың құрамына кіретін (кірген) мүшелері бар;
2) бұрын сотталған мүшелері бар отбасылар конкурсқа қатыса алмайды.
- Конкурсқа қатысуға өтінім аудандық комиссияға бұқаралық ақпарат құралдарында көпшілікке жариялаған күннен бастап бір ай ішінде мынадай құжаттармен бірге беріледі:
1) ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелері, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері;
2) асырап алушы (қорғаншы) отбасылар үшін – жергілікті уәкілетті органның кәмелетке толмаған балаға қорғаншылықты (қамқоршылықты) белгілеу туралы шешімінен үзінді көшірме;
3) неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);
4) ата-аналарының біреуі қайтыс болған жағдайда, қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі – бар болса;
5) балаларды тәрбиелегені үшін алған көтермелеулердің, белгілі бір жетістіктері үшін алған көтермелеулердің бар екенін куәландыратын құжаттардың көшірмелері;
6) балалардың, ата-аналардың (қорғаншылардың, қамқоршылардың) жұмыс (оқу) орнынан анықтамалар және мінездемелер;
7) ұсынымдар (әріптестерінің, көршілерінің, достарының);
отбасы мүшелерінің еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жоғары жетістіктерін куәландыратын құжаттардың көшірмелері.
- Құжаттарды көрсетілген мерзімнен кейін ұсынған үміткерлер конкурсқа қатысуға жіберілмейді.
- Аудандық комиссияға ұсынылған құжаттар қайтарылмайды.
