Отбасылық зорлық-зомбылық
Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі жылдан-жылға көбейіп келеді. Мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар тарапынан қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бүгінгі күні тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі — еліміздегі күн тәртібінен түспей келе жатырған өзекті мәселелердің біріне айналып отыр.
2023 жылғы 30 маусымда Ішкі істер министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы осы салада кешенді алдын алу жұмысы бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажеттігін тағы да атап өткен болатын.
Бас прокуратураның берген мәліметтері бойынша 2018-2022 жылдары ауыр және аса ауыр қылмыстар бойынша өсім байқалады. Бұл ретте әйелдерге қатысты ауыр қылмыстар бойынша өсім — 153%, ал аса ауыр қылмыстар бойынша 20 пайызды құрады.Әйелдерді тұрмыстық жағдайда өлтіру саны да жылдан-жылға артып келеді (салыстырмалы түрде: 2017 жылы — 39, 2021 жылы— 103).
Елімізде 5 жыл ішінде жәбірленушінің өліміне әкеліп соққан 441 тұрмыстық ауыр зиян келтіру фактісі орын алса, оның ішінде 224 құрбан әйел болып табылады. Денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтірудің 1,5 мың фактісінің 1,2 мыңы әйелдерге қатысты жасалған.
«Дағдарыс орталықтары одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің мәліметтері бойынша соңғы тоғыз айда елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейі екі есеге жуық өсті. Осылайша дағдарыс орталықтарынан көмек алу үшін жыл сайын туыстары немесе жақындары тарапынан зорлық-зомбылыққа ұшыраған 70 мыңға жуық әйел телефон арқылы жүгінеді екен.
Осы орайда «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті тиімді жүргізу үшін не кедергі?» деген заңды сұрақ туындайды.
Барлық ахуалды зерделей келе, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселесін тиімді шешуге кедергі келтіретін факторларретінде мыналарды атап өту қажет деп пайымдаймыз:
– қоғамдағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша кешенді стратегия мен ведомствоаралық үйлестірудің болмауы;
– тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын анықтаудың, жедел әрекет етудің және кешенді көмек көрсетудің тиімді тетігінің болмауы;
– тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін қолданылып жүрген шаралардың тиімсіздігі (қорғау нұсқамасы қайтадан зорлық-зомбылыққа ұшыраудан тиімді қорғауды қамтамасыз етпейді; жәбірленуші құқық қорғау органдарына жүгінгеннен кейін агрессордан қорғалмайды, зорлық құрбанын көшіріп жіберу қазіргі уақытта оның басқа тұрғын үйі болған жағдайда ғана мүмкін);
– дағдарыс орталықтарының, арнайы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдардың қызметінің үйлестірілмегендігі.
Анықтама: елде 41 дағдарыс орталығы жұмыс істейді (оның 14-і мемлекеттік), олардың қызметі тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарын оңалту және қайта әлеуметтендіру бойынша қызметтер көрсетуге бағытталған.
– агрессорлармен жұмыс істеу бойынша кешенді оңалту бағдарламасының болмауы (психологиялық курстар, есірткіге және алкогольге тәуелділіктен емдеу курсынан өту, жұмысқа орналастыру).
Бүгінгі күнгі еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жекелеген отбасылардағы себептеріне тереңірек үңілсек, онда біз әйелдердің күйеулеріне материалдық тәуелділігін көреміз. Көбіне-көп зардап шеккен тарап әйел болып табылады және ең бастысы, зорлық құрбаны — балалары бар әйелдер. Осындай жағдайда, егер күйеуі тарапынан зорлық болса, әйелі полицияға арызбен жүгінді делік. Нәтижесінде егер күйеуіне әкімшілік айыппұл салынса, отбасы бюджетізардап шегеді,егер ол әкімшілік қамауға алынса, ол жұмыссыз қалады, мұндайдаотбасы зардап шегеді. Ал егер сот оған бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаса, тағы да отбасы қиындыққа душар болады, балалар асыраушыдан айырылады.
Сондықтан әйелдер көп жағдайда қорқытып-үркітуге, зорлық-зомбылыққа шыдайды, тек аса қиын және төтенше жағдайларда ғана полицияға қорғаныс үшін жүгінеді. Бұл жерде «ұят болады» деген ұстанымның да күшін атап өту керек, осылайша қоғам тарапынан айыптауға қалудан қорқатын әйел ата-анасының үйіне не туыстарына орала алмайды. Нәтижесінде бүтін бір отбасы зорлықшының күнделікті қорқыту-үркітуімен өмір сүреді, психикасы бұзылған балалар мен өмірден түңілген әйелдер саны осылайша көбейеді. Тіпті орны толмайтын қайғылы жағдайлар да осындай себептердің салдары боп жатады.
Осыған сүйене отырып, бұл мәселені шешуде қоғамдағы гендерлік теңдікті қамтамасыз ету, жұмысқа орналасу кезінде ерлер мен әйелдерге бірдей талаптар орнату, әйелдердің материалдық тәуелсіздігін қалыптастыру үшін жағдайлар жасаудың маңыздылығына көз жеткіземіз.
Сонымен қатар халық арасында құқықтық ағарту жұмыстарын жүргізу, оларға өз құқықтарын қалай қорғауға болатынын түсіндіру аса маңызды.
Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі Уәкіл, оның орталық аппараты, жергілікті Өкілдері азаматтардың шағымдарын қарау, жабық мекемелерге бару, мониторинг жұмыстарын жүргізу арқылы бұзылған құқықтарды қалпына келтірумен қатар, халықты құқықтық ағарту арқылы да қоғамдағы келеңсіз көріністерді жоюға ықпал етуді басты басымдық деп санайды. Яғни Уәкіл институты қоғамның адам құқықтары мен мүдделері үшін оң бағытта дамуына қажетті құқықтық білімдерді беру, елдегі адам құқықтарын насихаттау мен ілгерілетуді жүзеге асырады.
Осы бағытта адам құқықтары жөніндегі Ұлттық орталықтың Ақтөбе облысы бойынша өкілдігі мақсатты жұмыстар жасауда және 2023 жылдың І жартыжылдығында құқықтық ағарту аясында Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің өңірдегі өкіліне жүгінген 131 азаматқа құқықтық көмек көрсетіліп, түрлі деңгейдегі 24 кездесу мен шара өткізілді. Осы орайда өкіл аудандарға, оқу орындарына, еңбек ұжымдарына тікелей шығып, түсіндірме жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары арқылы құқықтық ағарту жұмыстарын жүзеге асыруды одан әрі жалғастыра бермекші.
Аққалқа БАЙДУЛЛИНА,
Қазақстан Республикасындағы
адам құқықтары жөніндегі Уәкілдің өкілі

