Шаңырақтың шаттығы мен береке-бірліктің ұйытқысы бола білген ананың орны әрқашан биік. Әйел баласының ана болуы бір бақыт та, көпбалалы ана атануы нағыз ерлікке пара-пар. Бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау өте маңызды. Бақытын аттаған босағасынан тапқан қазақ әйелдерінің бар үміт-тілегі өмірге әкелген ұл-қыздарында жатса керек.
Созақ ауданы, Құмкент ауылында тұратын көпбалалы ана Гүлбаршын Ташикова да дүниеге әкелген 7 перзентінен үлкен үміт күтеді. Отағасы Нұрым Шағаев екеуі шаңыраққа ие болып қалатын 4 ұлының тәрбиесіне үлкен мән берді. Олардың бір атаның ғана емес, тұтас ұлттың ертеңі болар азаматтар қатарында болуын қалады. Сол үшін олардың жоғары білім алуын және әскери азаматтық борыштарын өтеуіне ықпал жасады. Үлкендеріне «Ұстаздық – ең қастерлі мамандық» деген қағиданы сіңіре отырып, педагог мамандығын таңдауларына үлес қосты. Көпбалалы ана бала тәрбиесінде ата-енесімен қатар, ерінің де көп ықпал жасағанын айтады.
– «Ұл тәрбиелей отырып, халықты тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, ұлтты тәрбиелейміз» деген Мұхтар Әуезовтің жақсы сөзі бар. Расында, қазіргі кезде ұл балалардың тәрбиесі қиындап кетті. Әлемді былай қойғанда, елімізде ер жігіттердің қатысуымен неше түрлі қылмыстардың орын алуы алаңдатарлық жағдай. Атам өз балаларына өте талапшыл болған екен. Жастайынан еңбекке баулып, отансүйгіштікті бойларына сіңіріп отырған. Сондықтан болар, жолдасым да ұлдарының тәрбиесіне аса көп мән беріп, тәртіпті болуын, адал еңбекпен өмір сүру керектігін үнемі қайталаудан жалықпады. Ал, қызғалдақтай өскен үш қызымның тәлім-тәрбиесіне анасы, яғни мен жауап беремін, – дейді ол.
Үйдің тірегі отағасы болса, әйел – берекесі. Алғаш босаға аттап келін атанғанда Гүлбаршын құт дарыған, мәуелі ағаштай жайқалған көпбалалы отбасыға түскенін білмепті. Күйеуінің әкесі соғыс ардагері, анасы «Алтын алқа» иегері екендіктерін естіп, іштей жақсы ырымға балапты. Отбасындағы қайынбике-қайынінілерімен де құрбы-құрдасындай тез тіл табысып, арқа-жарқа араласып кетеді және бұл сыйластық әлі күнге дейін араларынан үзілмеген. Қарапайым ғана түкпірдегі ауылда өмір сүріп жатқан қырық төрт жастағы көпбалалы ана тәтті қылықты немересінің сүйікті әжесі.
Көп балалы болу қазір қайтадан белең алып келеді. Бала бар жерде – ана бар, бала бар жерде – болашақ бар. Сондықтан бұл мәселе қай заманда да маңызды. Мемлекет оған барынша қолдау көрсетуі керек. Бірақ, кейбір келіншектер осы қолдауды малданып, мемлекетке масыл бола бастағандай көрінеді. Қолыңнан келсе еңбек ет. Баланы да ту, жұмыс та істе. Өзім қарашаңырақтағы келін болдым. Қарт ата-ене қарау, олардың шай-тамағын беру, жағдайын жасау және дүниеге дені сау ұрпақ әкелу менің басты міндетім деп санадым. Атам мен апамның ақ батасын алдым. Арқасүйер асыл ерім қолдап тұрса, балаларым құрмет көрсетіп жатса, демек, менің мақсатым орындалғаны ғой, – дейді Гүлбаршын Бегалықызы.
