
Иманды, ибалы ұрпақ тәрбиелеу – аға буынның басты борышы. Тәлім-тәрбие жүйесінің алға қойған нақты мақсаты болмаса жас ұрпақтың санасы сергелдеңге ұшырап, сандалып қалары анық. Ұлттық болмыс – жас ұрпаққа берілетін тәлім-тәрбие негізінде қалыптасатындықтан бүгінгі ғылым мен техниканың дамыған шағында әрбір ата-ананы ойландыратыны да рас.
Ұрпақ тәрбиесінің ұлт болашағы екенін ескерген Жетісай ауданының адами әлеуетті дамыту бөлімі мен Түркістан облысының ата-аналар қауымдастығы, Түркістан облыстық білім басқармасы қызметкерлері «15 мамыр – Халықаралық отбасы күні» аясында «Отбасы. Қоғам. Ата-ана» тақырыбында ата-аналардың ауданаралық форумын өткізді.
Жетісай ауданының әкімі Серік Үсенұлы Мамытов ашып берген форумда ауданның бас ұстазы баяндама жасады.
Жас ұрпақтың өнегелі тәрбие мен білім алуының негізін қалаушы – мектеп екенін айтқан Ғазиза Әлібекқызы мектептің қоғамдық ұйымдар мен отбасы тәрбиесін ұштастыратын негізгі орталық қана емес, сонымен қатар, ата-аналарының тәрбие істеріне бағыт-бағдар беріп, оларды жан-жақты тәрбиелеуге де жұмылдыратын орын болуы керектігін алға тартты. Сол арқылы бала тәрбиесіне әсер етуші ата-анасы, ұстазы мен дос-құрбылары сынды негізгі факторлардың жұмысын жақсартуды ұсынды.
«Дана халқымызда «Балаңды өз тәрбиеңмен емес, ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген қанатты сөз бар. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, біз халықтың нақыл сөзінен сусындаған, аталар сөзімен өсіп-өнген, даналар өсиетінен тәрбие алған, ұлылар тәрбиесіне тағзым еткен халықтың ұрпағымыз.
Бүгінгі күнде жастарды әдепті де саналы етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен тәрбие ережелеріне сүйене отырып, ұлттық дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды, дінімізді, ата-бабаларымыздан қалған насихат-мұраларын жастардың санасына сіңіре білу – отбасындағы ата-аналардың басты міндеті болуы қажет. Жас ұрпақты Отанын, туған жерін сүйіп, оны қорғай білуге үйрету, ұлдарымыздың бойында патриоттық сезім мен адамгершілік сананы, қыздарымыздың бойында инабаттылық пен имандылықты қалыптастыру – егеменді мемлекетіміздің әр отбасы мен азаматтарының міндеті» деген Түркістан облыстық ата-аналар қауымдастығының төрайымы Ақбаян Төлбасықызы жиынға қатысушы ата-аналарға тренинг өткізді. Еркін форматта пікірлер айтылып, ұсыныстар тыңдалды. Аудан прокуратурасы мен ішкі істер органдары қызметкерлері тарапынан ата-ананың перзент өміріндегі рөлі, бала тәрбиесінің алғы шарттары түсіндірілді.
Мақтаарал, Келес, Сарыағаш және Жетісай ауданының ата-аналары мен ұстаздары қатысқан жиын соңында Жетісай ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ғазиза Шүкірбаева перзенттері жетістікке жеткен ата-аналарды марапаттады.
Жетісай ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
